Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы пирамидаларына қатысты даулы іс: Ақтөбеде зардап шеккендер күтпеген мәлімдеме жасады

Ақтөбеде қаржы пирамидаларына қатысты даулы істің нүктесі қойылды. Сот шешімімен пирамидаларды ұйымдастырған 48 азамат түрмеге қамалды. Дегенмен үкімді толық оқып шығу үшін уақыт жетпей қалған. Ал зардап шеккендер күдіктілердің кейбірінің жазасын жеңілдету керегін алға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

пирамида

Үкімді оқуға 3 сағаттан артық уақытқа кеткен. Пирамида ұйымдастырушысы мен тағы бір адам 18 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Есіркепов Жанболатты қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты кінәлі деп тауып, оған мүлкі тәркіленіп, қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", – деді Ақтөбе №2 сотының судьясы Сейфолла Тасымбетов. 

Ал өзге ұйымдастырушылар түрлі мерзімге қамалды. Ең азы 7 жыл. Үкімнің екінші бөлігін келесі аптада оқиды. Сот отырысына зардап шеккен азаматтар да қатысқан. Олардың кейбірі күтпеген мәлімдеме жасады. 

"Ұйымдарда бір апта ғана жұмыс істеген жігіттер бар, осы бойынша айыптаушы тараппен келіспеймін. 10 жылға сотталды. Бұлай болмау керек. Біз ештеңеге кінәсі жоқ жігіттерді ақтайды деп ойладық", – деді зардап шегушілердің бірі Евгения Гановская. 

Қаржы пирамидаларына қатысты тергеу 1 жылға созылған. Жалпы зардап шеккендер саны Қазақстан бойынша 17 мың адамға жеткен. Ал келтірілген шығын 30 миллиард теңге. 

Айта кетейік, Ақтөбеде ірі қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша зардап шеккендер айыпталушыларға қатысты көзқарасын өзгерткен еді. Олар іске қатысы барларға ауыр жаза тағайындамауды сұраған. 

Талқылау