Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орман алқабынан қарағандылық әйелдің мәйіті табылды": Күдіктіге қатысты сот үкімі шықты

Қарағандыдағы орман алқаптарының бірінен денесі табылған Анастасия Шевякованы өлтірді деген 26 жастағы әйелге қатысты  сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Анастасия Шевякова

Айыпталушыға қатысты қылмыстық іс Қарағанды ​​облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Ол судья Қайрат Қасимовтың қарауына биыл шілдеде түскен.

Тергеу мәліметтері бойынша, сотталушы Анастасия Шевякованы қызғаныштан өлтірген. Әйел баратын жері жоқ болғаннан кейін баласының әкесімен бірге тұруды өтінген. Бұл кезде Анастасияның баласының әкесі оны өлтірді деген күдіктімен бірге тұрған. Бақталасының кенеттен оралуы оның көңілінен шықпаған. Сот материалдарының деректері бойынша, болған жанжалдардың бірінде сотталушы шақырылмаған қонақты қуып шыққан. 

Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі толық дәлелденген. Жиналған дәлелдемелер мен сотталушының мойындауын ескере отырып, оны 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша кінәлі деп таныды.

"Сот күдіктіні 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды", – деп хабарлады Қайрат Қасымов үкімді.

Марқұмның туыстары сот үкіміне қанағаттанған. Алайда олар мәйітті сотталушының жалғыз өзі шығарғанына күмән келтірді.

"Оған біреу көмектесті деп ойлаймыз. Бірақ біз оны дәлелдей алмай отырмыз. Үкімге шағымданбаймыз. Ол әділ жазасын алды деп есептейміз. Анастасияның ұлы әкесінің жанында, ал қызына қамқоршылық жасалды",  – деді марқұмның туыстары.

Еске салайық, 27 наурызда Қазыбек би ауданындағы орман алқабында 5 наурызда із-түзсіз жоғалып кеткен 27 жастағы қарағандылық Анастасия Шевякованың денесі табылған болатын.

Оны өлтірді деген күдікпен 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол жанжал кезінде марқұмды пышақтап, қылмысын жасыру үшін мәйітті орманға апарғанын мойындаған еді. 

Талқылау