Қарағанды облысында "АрселорМитталға" тиесілі тағы бір шахтада жарылыс болып, 11 адам қаза тапты
Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 11 адам ажал құшты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет Уикипедиядан
Болжам бойынша шахтада метан жарылуы мүмкін.
“Костенко атындағы шахтада апат болған кезде 252 адам болды, 205 кенші жер бетіне шығарылды. 7 кеншінің мәйіті табылды. Апат орнында PVASS құтқарушылары жұмысын жалғастыруда. Штаб құрылды. Кеніште Қарағанды облысының әкімі, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары, Қарағанды облысының прокуроры, арнайы құқық қорғау органдары бар”, – делінген компания хабарламасында.
Көп ұзамай облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрбандар саны 11-ге өскенін хабарлады.
“Түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға 18 адам жеткізілді. 09:00-дегі ақпарат бойынша. Кеншілердің жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтамын”, – деп жазды аймақ басшысы.
Қазір оқиға орнында 40 құтқарушы, 10 бірлік техника мен 3 психиолог жұмыс істеп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін “АрселорМиттал Теміртау” компаниясына тиесілі “Қазақстан” шахтасында конвейер лентасы өртеніп, салдарынан 5 кенші көз жұмған еді.