Канадалық Boeing ұшағының қозғалтқышы әуеде жанып кетті
Канадалық Air Canada авиакомпаниясының Boeing 777 ұшағының қозғалтқышы әуеге көтерілгеннен кейін бірнеше минуттан соң жанып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Airlive.net порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 5 маусымда болғаны белгілі болды. AC 872 рейсі Торонтодан Парижге ұшпақ болған. Шенеуніктер Boeing 777 бортында 389 жолаушы мен 13 экипаж мүшесі болғанын жеткізді.
Ұшу-қону жолағында бақылаушы түсірген видеода ұшақ ауаға жүздеген метрге көтеріліп, кейін қозғалтқышы жана бастағн. Көп ұзамай ұшақ жерге қонған.
Air Canada мәлімдемесіне сай өрт компрессордың тоқтауына байланысты қозғалтқыштың ақауынан туындаған.
Авиакомпания кейін ұшақтың қалыпты түрде қонғанын мәлімдеді. Сақтық шарасы ретінде оны жедел әрекет ету машиналары қарсы алған.
Деректерге сай, зардап шеккендер жоқ, ал жолаушылар сол күні кешке басқа ұшаққа орналастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Иран президенті мінген тікұшақ апатқа ұшырап, ішіндегілер қаза тапқаны туралы жазған едік.