Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өнеге алатын адам емес": Қалдыбек Құрманәлі әріптесі Бекболат Тілеуханды сынады

Танымал сазгер, хит әндердің авторы Қалдыбек Құрманәлі көп әйел алуды қолдамайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Qasqa Jol” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Подкастан скриншот

Өнер иесі, әріптесі Бекболат Тілеуханның көп әйелі барын сынады. Кезінде қатар жүрген жан досы болғанымен, қазір араласпайтынын айтты. 

“Көп әйел алудың екі-ақ жолы бар. Бірі – еріккендік, екіншісі – әмеңгерлік. Көп әйел алу туралы әңгіме болғанда Бекболат Тілеуханның есімі жиі айтылады. Қазір де соны қозғап отырсың. Ол менің бұрынғы досым болған. Қазір араласпаймыз. Көп әйелге үйленген тойында болмағанмын. Әлеуметтік желі арқылы біліп отырмын. Өзі де жасырмай айтып жүреді. Жалғыз Бекболат емес, халық алдында жүрген әртістердің бәрі жеке өмірін жариялап жүреді. Бұл дұрыс емес. Ұрпақ уланып жатыр. Біреудің төртінші рет үйленіп жатқаны жақсы ма?! Бір әйелдің өзінен 10 жас кіші жігітке тұрмысқа шыққаны дұрыс па?! Мен сол үшін күйіп-пісемін. Міне, өзің де Бекболат туралы айтқанымды қалап отырсың. Ол саған айлық бере ме?! Мен жамандағаннан ол әйелдерінен бас тарта ма?! Соны айтшы. Өзіне ұнаса ала берсін. Бірақ танымал тұлға ретінде үлгі-өнеге алатын адам емес. Маған десе, әр ұлттан алсын. Сосын арғын мен арабтан қандай бала туатынын көрсін?! Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсін. Естігің келгені осы”, – деп ренжіді сазгер. 



Сонымен қатар, композитор қатарластарының арасынан болмысы өзгеріп, араласпай кеткен замандастары туралы да сыр шертті. 

“Адамның болмысы өзгерсе, бәрі астан-кестен болады. Кезінде бүркіт болған таныстарым, қазір қарғаға айналып кеткен. Олжас Сүлейменовтің орысша бір өлеңін Қадыр Мырза Әлі аударған. Сол жерде мынадай жолдар кездеседі: “Ана сүтімен дарыған арамдықты, сиыр сүті ақтап ала алмайды” деген.  Қандай керемет айтылған?! Достарым арасында да болмысынан ажырап қалғандары бар. Студент кезінде көзінде оты бар жігіт еді. Кейін өзін жоғалтып алды. “Ол тірлікпен айналыспау керек екен” деп позициясынан айнып жатқандар да жетерлік. Өмірден мінезін өзгерткен адам – бақытсыз. Мен өзгерген жоқпын. Бар болмысым осы. Мені ғайбаттаған талай адамның тұмсығына саусағымның ұшы тиген. Ақты ақ, қараны қара деп айтамын. Ал, мені жұрт есінен адасқан деп ойлайды”, – деп түсіндірді өнер иесі. 

Еске салайық, сазгер Мадина Ералиеваның өлімін Болат Назарбаевтан көргенін мойындаған еді. 

Талқылау