Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалай қуанарымды білмедім": Ернар Айдар әкесінің дүниеден озған күні ұлды болғанын айтты

Танымал әнші Ернар Айдар жеке өміріне қатысты жаңалықты айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/ernaraidar_kz/

Өнер иесінің желтоқсан айында әкесі дүниеден озған еді. Сөзінше, сол күні келіншегі босанып, ұлды болған. 

“Пенде болғасын арманымыз бен әттеген-айымыз қатар жүретіні белгілі. Тас түскен жеріне ауыр демекші, әкемнің қазасы өте ауыр тиді. Әкемнің жаназасы болатын күні таңда ұлым дүние есігін ашты. Біз әкемізді түсте ақтық сапарға шығарып салдық. Сөйтіп әкем Айдарұлы Жаңабайдың немересі, Ернарұлы Жаңабек дүниеге келді. Қайғыдан құлазып жүрген мен, не қайғырарымды не қуанарымды білмей есеңгіредім. “Өлгеннің артынан өлмек жоқ”, “Қайғы мен қуаныш қатар жүреді” деген сөздердің мағынасын осы кезде тереңдей түсіндім”, – деп жазды әнші. 



Еске салайық, өнер иесі марқұм әкесіне арнап, жазба жариялап, көпшілікті жылатқан еді. 

“Барлық жұмысымды әкеммен ақылдасатынмын, себебі әкем жан-жақты және турасын айтатын. Әкеммен ақылдасу, маған үлкен шабыт, сенімділік сыйлайтын. Барлық ән кештерімнің алдында, үйде әкеме кішігірім концерт қойып беретінмін”, – деп балалық шағынан сыр шерткен еді. 

 

Гүлдана Нұрлыханова
Жұма, 14 Ақпан, 2025 11:43