Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада отырып ойнайтын волейболдан өткен чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Астанада отырып ойнайтын волейболдан Қазақстанның кезекті чемпионаты өтті. Биыл жарыстың ерекшелігі сол ойыннан онлайн көрсетілім ұйымдастырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Волейбол Жусан 5

Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан чемпионатына 10 команда қатысты. 

"Волейболды отырып ойнаудан ел чемпионаты жыл сайын өтеді. Чемпионат үш кезеңнен тұрады. Бүгін соңғы кезек жүріп жатыр, соңында үздік екі команда финалға шығады. Жалпы волейболды отырып ойнайтын спортшылардың даму қарқыны, шеберлігі жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ бүгінгі Қазақстан чемпионаты спорттық шара емес, паралимпиадалық қозғалысты дамыту мақсатын көздейді. Біз елімізде параспорттың барлық түрінің дамығанын қалаймыз және дамып жатыр. Оған дәлел Токио, Бейжің паралимпиадасында біздің спортшылардың жетістіктері", - деді ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов. 

Оның айтуынша, еліміздің отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасы әлемдегі үздік 7 команданың қатарында. 

"Ұлттық құрама жақында ғана әлем чемпионатынан 7-орынмен оралды. Енді алда 2024 жылы өтетін Париж паралимпиадасы тұр. Бүгінгі ойынды тікелей эфирде көрсеткені маңызды. Себебі параспорт, оның ішінде отырып ойнау волейболы туралы адамдар көбірек біледі. Бұл спорт түрі еліміздің барлық өңірінде дамып жатыр", - дейді ол. 
Ақтық сайыста чемпион атанған командаға 1 млн теңге, екінші орынға 500 мың теңге және үшінші орынға 250 мың теңге қаржылай сыйақы қарастырылған. 

Волейбол Жусан 6

"Биыл чемпионатқа еліміздің 10 өңірінен команда қатысып жатыр. Оның қатарында Атырау, БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай облысы, Шымкент және Астана қаласы бар. Қазір 3 команда өзара бақ сынап жатыр. Яғни Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облысы командаларының арасынан чемпион анықталады. Отырып ойнайтын волейбол спорт түрі ретінде 30 жыл бойы дамып келеді. Әсіресе соңғы 10 жылда ерекше дамып, әлемдік аренаға шықтық. Әлемде отырып ойнайтын волейболдан 78 команда бар. Солардың ішінде Иранның командасы мықты. Бұл спорттың түрінің кәдімгі волейболдан айырмашылығы жоқ. Ережелері бірдей деп айтуға болады. Тек бұл жерде мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайланған. Нақты айтқанда, аяғы жоқ адамдар ойнайды. Команда құрамында 6 адам болады”, – дейді волейболды отырып ойнаудан ұлттық құраманың бас жаттықтырушы Бауыржан Тақауов. 

Айта кетсек, биылғы ойынның ерекшелігі –  алғаш рет Jusan Bank-тің қолдауымен тікелей онлайн көрсетілім ұйымдастырылуы. Сонымен қатар бұл жолы үздік спортшыларға қаржылай жүлде қарастырылды.

"Біздің банк елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға ерекше мән береді. Отырып ойнайтын волейбол спортын қолдау керек. Себебі аталған спорт түрі қарапайым волейболға қарағанда кеңінен танымал емес. Жалпы параспортшылар –ерекше үлгі тұтатын адамдар. Олардың ержүректілігі бізге ерекше әсер қалдырды. Олар қиындық, кедергіге қарамастан спортпен айналысып, чемпион атанып жатыр. Сондықтан да бүгінгідей жарыстарды көпшілікке көрсеткен маңызды. Банктің "Саған сенеміз" деген ұраны дәл бүгінгі сайысқа арналғандай.

Волейбол Жусан 7

Тікелей көрсетілім тек қана параспортшылар үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін ұйымдастырылып отыр. Біз көптеген әлеуметтік жобаларды қолдаймыз. Бірақ параспорт бойынша бұл біздің алғашқы тәжірибе. Қолдау шарасы алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл біздің еліміздің инклюзивті ортасына қосып жатқан үлесіміз", – дейді Jusan Bank-тің PR директоры Гаухар Керімова. 

Волейбол Жусан 8

Айта кетсек, сайысқа қолдау білдіргендер қатарында Sport Qory туризм және спортты қолдау қоры мен “Самұрық-Қазына” қоры да бар.

2022 жылғы отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан чемпионы Атырау командасы атанды. Екінші орынды Қызылорда командасы иеленсе, үшінші орынға Маңғыстау облысының командасы тұрақтады. 

Одан бөлек, үздік тосқауылшы Ерболат Алтаев (Маңғыстау), үздік байланыстырушы Бауыржан Сартаев, үздік либеро Қуаныш Тәжіков, үздік шабуылшы Пердебай Намұратов және үздік қабылдаушы Эрик Қасқабаев атанды.

Талқылау