Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экологиялық жауапкершілік: Көшпенділер мәдениетінен не үйренуге болады?

Жаһандық проблемалар ішінде экологиялық мәселе өршіп тұрған уақытта қоршаған ортаны аялауды негіз ететін көшпелілер мәдениеті  замандастарымызға үлгі болары анық. Қазақтардың табиғатқа жанашырлықпен қарау, оның заңдылықтарын құрметтеу әрі оған бағыну сияқты әдеттері дәстүрге ұласқандай. Этнографтың айтуынша, қазақ халқының табиғат алдында есеп бере білуі қазір пайда болған дүние емес. Көшпелілер табиғатпен тікелей байланыста болуды, оны қастерлеуді бала бойына тал бесіктен бастап сіңірген. Сондықтан экоәдеттер халқымызға жат емес. Бүгін қазақтардың эко мәдениеті қалай қалыптасқан және бұл не үшін маңызды екенін айтамыз.

Фото: ашық дереккөз

Мамандар қазақстандықтар қоршаған ортаға зияны туралы көбірек ойлана бастағанын байқаған. Мәселен, дәстүрлі пластик пакеттердің орнына олар қайта пайдалануға болатын заттарды тұтынуға тырысады екен.

Ал этнограф Досымбек Қатран сөзінше, қазақтарға бұл экоәдет таңсық емес. Көшпелі халық қоршаған ортада өздерін қонақ ретінде ұстаған. Мәселен, белгілі бір жерден қоныс аударып кетіп бара жатқанда, ол аймақты толық тазалап кететін болған.

"Жазда жайлаудың өзінде бірнеше рет көшіп қонатын болған ғой. Сол көшіп қону кезінде өздері отырған аймақты толық тазалап, от жаққан орындарын топырақпен көміп, ауылға ыңғайлап бұрған бұлақты қайта өз арнасына түсіретін болған. Бұл сол табиғатқа жасалған қамқорлықтың бастапқы үлгісі деуге болады", - дейді этнограф.

Жер иесі – аң мен құстар деп есептеген. Сондықтан көшпелілер олардың тыныштығын бұзбауға тырысқан. Мысалы, "Құс ұясын бұзба" деген тыйым бар. "Қарғысқа ұшырайсың" дейді. Осы орайда этнограф тағы бір аңызды еске түсірді.

"Киіз үйіне қарлығаш ұя салғанда, олардың мазасын алмас үшін Төле бидей бабамыз көштен қалып қояды. Шаңырағына басып кірген жау одан "Неліктен көшіп кетпедің?" деп сұрағанда, "Адам ұрпағының өмірін аман алып қаламын деп, құйрығы айыр болған, киелі құс шаңырағыма ұя салып еді, мен ордамды бұзсам, оның да отауы бұзылады. Сондықтан елден қалып қойдым" деген екен Төле би бабамыз", - дейді ғалым.

Аңға деген құрмет те ерекше болған, мәселен, аңшы топ жиналып, жорыққа шыққанда кез келген аңның жас бөбегімен оның анасын өлтіруге тыйым салынған. Тіпті ауылға ит-құс шауып, малды қынадай қырып жатса да, топты бастап келген жануарды атпаған. Себебі барлық аң-құстарда жаңа туған төлдерін аналықтар бағып-қағатын болған. Егер аналық өлсе, оның балаларының әрі қарай өмірге ілесіп кетуі де неғайбыл. Аң мен құстан бөлек, кішкене тіршілік иелері жәндіктерге дейін аяушылық таныту керек болған. Мәселен, дәуіт пен өрмекшіні өлтіруге, құмырсқаның илеуін бұзуға болмайды. Өрмекші қонақ, құмырсқа молшылық белгісі болса, дәуіт аңыз бойынша бір қаланы жыланның қаптауынан аман алып қалған. Содан бері "дәуіті бар жер, тәуір жер" деген түсінік қалыптасқан.

Көшпелілер табиғатқа зиян келтірмеген, оның сырын ұғынуға тырысқан, оны қорғау шараларына мән берген. Осы ретте тыйымдар мен ырымдар пайда болған дейді маман.

"Оттың үстінен секіруге, отпен ойнауға болмайды", бұл тек тыйым ғана емес, қауіпсіздік шарасы да деуге болады. "Отты су шашып өшіруге болмайды", бұл да айтып отырғанымыздың бір мысалы. Себебі су шашқаннан кейін оттың шоғы өшпей қалып, арты өртке ұласуы мүмкін. Сондықтан оны топырақ немесе құммен көміп кететін болған. Суға қатысты тыйымдар да жеткілікті. Суды шашуға, суға қарай жүгіруге болмайды. "Судың да сұрауы бар" дейді халқымыз. Ал егер суға түкіріп, су қасында дәрет сындырып жатса, қазақтар мұндайларды жазаға тартқан. Себебі оны су бойында орналасқан өзге ауылдар тұтынуы мүмкін", - дейді этнограф.

Көшпелілер өз өмірінің табиғат құбылыстарына тікелей байланысты екенін ұғынғандықтан, көктемде күннің күркіреп, жаңбырдың жауғанын қатты күткен. Жаңбыр жауғанға дейін тіпті емдік шөптердің өзін жұлу қателік деп таныған. "Жас өскінді жұлсаң, жастай соларсың" деген түсінік бар.

"Егер көктемде жаңбыр жаумаса, тасаттық беріп, құрбандық шалып, Тәңірден жауын-шашын сұраған. Сол сияқты ағашты кескеннен кейін Құдайдан кешірім сұрап, бір ағаштың орнына он ағаш егуге міндеттелген", - дейді ғалым.

Оның айтуынша, бабаларымыздың ұғымында Жер де Табиғат сынды ана болғандықтан, оған құрметпен қараған. Жерді тепкілеуге, қамшымен сабалауға, бей-берекет күл шашуға болмайды. Күл дегеніміз біз қазір түсініп жүрген оттың қалдығы ғана емес, қоқыс есебінде болған. Ал қоқысты бей-берекет шашу, Жер ананы қорлаумен тең.

Көшпелілердің басты мақсаты өздері көрген табиғат ана сұлулығы мен Жер Ананың байлығын біздер, яғни келесі ұрпақ көрсе деген ой болған.

"Сондықтан да олар өзен-көлдерді таза ұстауға, аң-құстың өміріне араласпай, өз бетінше дамуын, орман-тоғайлардың көп болуын, олардың отқа оранбауын қадағалады”, - дейді маман.

Елімізде экологиялық белсенділік пен табиғатқа жауапкершілікпен қарау артып келеді. Соңғы жылдары отандастарымыз көшпелі бабаларымыздың эко мәдениетін қайта жаңғыртып, өзіндік экоәдеттер қалыптастырып үлгерді.

Елімізде плоггинг дәстүрі пайда болды. Яғни азаматтар бірге жүгіруге шығып, жол бойы көшелерді қоқыстан тазартады.

Отандастарымыз атмосфераны ластайтын әуе шарлары мен отшашудан саналы түрде бас тартып келеді. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында бұған қызығушылық мүлдем азайған. Мектеп бітірушілердің көп бөлігі әуеге шарларды ұшырмайтынын да атап өтуге болады.

Қазір қоқысты бөлу де, екінші рет қолдануға болатын заттарды арнайы зауыттарға өткізу де жаңалық емес. Ескі киімдерге екінші өмір беру, қалдық қағаздан тұрмысқа қажетті заттар жасау үйреншікті жағдайға айналды. 2019 жылдан бастап, қоқыс полигондарында пластик заттарды көмуге тыйым салынды. Оларды қайта өңдеуге немесе өртеуге жіберу қажет. Отандастарымыз пластикпен күрестің тағы бір жолын тапты. Мейрамханалар мен кафелерде пластик стақан немесе өзге құрылғылардың орнына қағаз заттарды пайдалану, кофеханаларда өз бөтелкесімен келген адамға жеңілдік жасауда жағымды әдетке айналды.

Ал жаһандық корпорациялардың экологиялық мәселелерге назар аударуы әлдеқашан тенденцияға айналғандай. Бүгінде жеке тұлғалар ғана емес көптеген компания отандастарымыздың экологиялық жауапкершілігін арттыруды да мақсат еткен. Ірі қазақстандық компаниялардың бірі Jusan Bank-тың бастамалары бұған дәлел. Бүгінде банк БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы ESG қағидаттарын белсенді түрде енгізуде. Jusan-ның бұл бастамасы халықаралық агенттіктердің назарына тыс қалмады: S&P Global Corporate Sustainability Assessment агенттігі алғаш рет Jusan Bank-тің тұрақты даму саласындағы қызметін 23/100 деңгейінде баға берді. Банк басқару және экономикалық аспект бойынша 27 балл, экологиялық аспект (Environmental Dimension бойынша 11 балл және әлеуметтік аспект (Social Dimension) бойынша 24 балл алды. Осылайша Jusan тұрақты даму қызметі бойынша бағалаудан өткен жаһандық 705 компанияның бірі болды.

Ал былтыр Банк алғаш рет көміртегі ізі бойынша есебі мен 2021 жылғы деректерге негізделген әрі халықаралық GRI стандартына сәйкес құрастырылған қаржылық емес тұрақтылық есебін жариялады. Бұл қаржы институтының этикалық түрде бизнес жүргізуге, қызметкерлер мен қоршаған ортаға қамқорлық бойынша талаптарға сәйкес келуге деген ұмтылысын көрсетеді.

Мұнымен қоймай Jusan еліміздегі экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған шаралар мен жобаларды белсенді қолдап келеді. Мәселен, бүгінде банк "Жасыл кеңсе" қозғалысының белсенді мүшесі. Аталмыш жоба аясында банк бөлімшелері мен кеңселерден шығатын макулатура, пластик, шыны және алюминий қалдықтары өңдеуші зауыттарға жіберіледі. Осылайша Jusan қызметкерлер арасында экоәдеттерді қалыптастыруды қолға алып отыр.

Сонымен қатар саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында Jusan және Eco Network қозғалысы "Жасыл мектеп" экофестивалін өткізді.

Шара аясында қазақстандық алғыр студенттер мен оқушылар еліміздің экологиясын жақсартуға, мәселелерді шешуге бағытталған өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында ауадан конденсация әдісімен су алу, биогаз өндірісі, гелиокептіргіш сынды өнертабыстар таныстырылды.

Кейінгі жылдары біз ата-бабаларымыздың әдет-ғұрпына қайта оралу туралы жиі айтатын болдық. Ендеше көшпелілердің экоәдеттерінде қайта жаңғыртып, оған жаңа дем беру арқылы бабаларымыз бізге қалдырған табиғи мұраны болашаққа жеткізе аламыз. Jusan Bank тек өз қызметкерлерінің экоәдеттеріне назар аударып қана қоймай, қоғамдағы экожауапкершілікті арттыруға бағытталған жобаларды қолдап келеді. Алдағы уақытта осы жобаларды таныстырып, жаңа экоәдеттер қалыптастыруға толығырақ кеңестер беретін боламыз.

Талқылау