Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Істі жауып тастауы мүмкін": Түркістан облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған малшыға қатысты іс 5 ай бойы тергелген

2021 жылдың қыркүйегінде 28 жастағы жігіттің денесі жергілікті полицейдің ауласынан табылған. Ол  полицейдің қол астында малшы болып жұмыс істеген. Оқиғадан кейін басталған "Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша тергеу 5 айға жалғасқан. Ал марқұмның отбасының адвокаты тергеу толық аяқталмаса да, істің жабылуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап. 

Малшы

28 жастағы Бақытжан Оңалбековті полицейдің фермасында өзі асылып қалды дегенге отбасы да, адвокат та сенбейді. Зайнидин Сұлтанмұратовтың сөзінше, қазір істі жабуға тырысып жатқан көрінеді. Заңгер оқиға орнында тексеріс жұмыстарын тек бірнеше айдан соң ғана жүргізген дейді. Ал сараптаманы полицей жұмыс істейтін ауданда тағайындаған. Әрі марқұмның қалтасында болған ұялы телефонды да кеш тексерген екен. Алайда телефонның ішінде ештеңе болмаған. 

"Тергеушілер телефонды екі аптадан соң ашқанда ішінде ештеңе жоқ екенін көрдік. Барлығын өшіріп тастаған. Бұл дерек бойынша жеке қауіпсіздік басқармасына жүгіндік. Мұнда телефондағы ақпаратты қалпына келтіру үшін сараптама тағайындалғанын айтты. Анасы телефонда қоңыраулар, жазбалар мен хабарламалардың болғанына сенімді. Ал қаза тапқан күні марқұм анасына қоңырау шалып, сол жерден тезірек алып кетуін сұраған. Ол малдың жоғалып кеткенін, таппаса, полицейдің қамауға алатынын, сес көрсеткенін айтқан. Біздің ойымызша, полицейді қорғап отыр", - деді заңгерлік кеңесші Зайниддин Сұлтанмұратов. 

Ал анасы марқұм өз-өзіне қол салды дегенге сенбейді. Бақытжан әйелі мен кішкентай ұлын қатты жақсы көрген дейді. Аягөз ұлының өз-өзіне қол салған күннің өзінде мұндай қадамға қысым көрсетілген соң барғанына сенімді. 

Ер адамды асылған күйінде тапқан. Жақындары сараптама Бақытжанның басында бас киім жоқ екенін көрсеткен дейді. Ал оқиға орнында түсірілген суретте оның басында капюшон мен бас киім болған екен. Сонымен қатар Бақытжанның жақындарына белгісіз адамдар келіп, істі жабуды сұрайтын көрінеді. 

"Сендер не істей аласыңдар, ештеңе қолдарынан келмейді. Қазақстанда бұл іс сотқа дейін жетпейді, ол жұмысын істеп жүре бермек. Соңғы рет Түркістанға департамент басшысына барған кезде маған бір топ адамның келетінін айтқанмын. Бастапқыда кешірім сұрағысы келетін адамның кейіпін танытады, кейін қоқан-лоқы көрсетеді", – дейді марқұмның анасы Аягөз Бердалиева. 

Еске салайық, 28 жастағы Бақытжан Оңалбековтың мәйіті жергілікті полиция инспекторының ауласынан табылған еді. Ер адам полицейдің қол астында жарты жылға жуық уақыт малшы болып жұмыс істеген. Қайғылы оқиға өткен жылдың қыркүйегінде болған. 5 ай бойы марқұмның туыстары мен адвокаттар ер адамның өз еркімен асылып қалмағанын дәлелдей алмай келеді. Ал Түркістан облыстық полициясында тергеудің әлі де "Өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу" бабы бойынша жүріп жатқанын айтты.

“Туыстарының бұл іске полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екені туралы мәлімдемесінен кейін қылмыстық іс Түркістан облыстық полиция департаменті Жеке қауіпсіздік басқармасына өткен. Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Сараптама нәтижесі бойынша шешім қабылданады", – деді Түркістан облыстық полиция департаменті Жеке қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Хикмат Алимкулов. 

Марқұмның жақындары полицейдің әлі қызметін атқарып жүргенін айтады. Ал адвокаттар әділ шешім қабылдауды талап етіп, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне шағымданған. Енді ішкі істер министрлігіне де өтініш жолдамақ.

Талқылау