Ислам Махачев болашақта Шавкат Рахмоновпен бір салмақта өнер көрсетуі мүмкін
АҚШ-тың бұрынғы UFC жекпе-жек шебері Чейл Соннен жеңіл салмақтағы чемпион Ислам Махачевтің алдағы уақытта жартылай орта салмаққа (77 кг) өтуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Chris Unger/Getty Images
Хабиб Нұрмагомедовтың қол астында жаттығатын Ислам салмақ ауыстырғысы келіп жүргені бұрын да айтылған еді. Ол алдағы уақытта жартылай орта салмақта өнер көрсеткісі келеді.
Айта кетейік, бұл дивизионда Қазақстанның мақтанышы Шавкат Рахмонов өнер көрсетуде.
Қазіргі таңда Шавкат – осы салмақтағы чемпиондық белбеуге негізгі үміткер. Ал белбеудің қазіргі иегері – америкалық Белал Мухаммад. Ол 10 мамыр күні титулын қорғау үшін австралиялық Джек Делла Маддаленаға қарсы октагонға шығады.
“Хабибтің айтуынша, Ислам Джек пен Белал арасындағы жекпе-жектің нәтижесі ресми түрде жарияланғанша ешқандай шешім қабылдамайды. Олар 170 фунтқа (жартылай орта салмақ) ауысуды және Белалға қарсы шығуды жоспарлап отырған жоқ. Себебі, Белал — олардың досы. Олар оның белбеуін тартып алғысы келмейді”, – деді Чейл Соннен.
Егер Ислам бұл шешімді қабылдаса, ол Шавкат Рахмоновтың тікелей қарсыласына айналуы мүмкін. Бұл жанкүйерлер үшін өте қызықты жекпе-жекке жол ашуы ықтимал.
“Ислам Махачев ешқашан ештеңе сұрамаған. Бірақ ол жартылай орта салмақта өнер көрсеткісі келетінін анық аңғартты. Ештеңе талап етпеген жігітке бір күні қалағанын беру керек шығар”, — деді Соннен өзінің YouTube-арнасында.