Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іші өтіп, аузы-мұрнынан қан кетті": Жезқазғанда жаңа туған сәби мерзімі өткен сүт қоспасын ішкен соң көз жұмды

Жезқазғандық Рақымбековтер әулеті тұңғыштарының өліміне қалалық перинаталды орталығының дәрігерлерін кінәлап отыр. Айтуларынша, осыдан екі апта бұрын дүниеге келген ұлдарына мамандар салмақ қосу үшін сүт қоспасын тағайындапты. Бірақ сол қоспаны ішкізгеннен кейін баланың жағдайы күрт нашарлады дейді. Ал қораптағы мерзімі осыдан жиырма күн бұрын өтіп кеткен екен. Перзентханадағы бұдан өзге де сәбилер сол мерзімі өткен қоспаны тұтынған соң шеттерінен ауырып жатыр деп отыр. Қазір Полиция департаменті бала өліміне қатысты тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

бала

Гүлзия Тілепова 14-ші желтоқсанда екі жарым келі салмақпен тұңғышын босанған. Сөзінше, дәрігерлер перзентіне салмақ қосу мақсатында сүт қоспасын ішу керек деген. Алайда ақ халаттылардың баланы мерзімі өткен қоспамен тамақтандырып жатқанын кездейсоқ көріп қалғанын айтады. Қоспаның қолдану мерзімі екінші желтоқсанда аяқталған екен. Гүлзияның пайымдауынша, сол сүт қоспасын ішкеннен кейін бала мазасызданып, іші өткен. Кейін аузы-мұрнынан қан кетіп, кеше таңертең бала ұйқыдан оянбады дейді. 

“Смесь салмақты тез қосады, салмағы жетпейді деп содан смесьті берді мерзімі өтіп кеткен. Желтоқсанның екісі күні мерзімі өтіп кеткен. Содан іші өтіп, құсып, балам тұңғышып, содан басталды. Содан беймаза болғаннан кейін димедрол салды. Сосын мұрнынан, ауызынан құйрығынан қан кетіп, содан тұрған жоқ. Жиырма бесі күні таңертең ұйқыдан тұрған жоқ”, – дейді шетінеген баланың анасы Гүлзия Тілепова. 

“Медиктердің салақтығы соның бәрін ескере отырып, жоғары жақтағылар естісе дейміз. Шара қолданса екен дейміз. Бізден басқа қаншама адамдар бар анау жақта әлі шығып жатыр, айтып жатыр. Олардың да балалары шетінепті. Қасында жатқан үш келіншектің баласы ауыр халде жатыр. Сол смесьтен сондай болып жатыр”, – деді баланың әкесі Айдын Рақымбеков. 

Гүлзия мен Айдынның тұңғышынан бөлек перзентханада тағы екі сәби ауырып жатыр екен. Перзентхана басшылығы балаларды мерзімі өткен сүт қоспасымен тамақтандырғандарын мойындап отыр. Бірақ дәрігерлер балалар нақты ескі қоспадан уланған деп айта алмаймыз дейді. Айтуларынша, нәрестелердің жағдайы негізгі сырқаттарына байланысты күрт нашарлаған. Ақ халаттылар қазір ауруханада жатқан екі бүлдіршінге жатырішілік инфекция диагнозын қойып отыр. Ал шетінеген сәбидің денсаулығы дүниеге келген күннен бастап оңалмады дейді.

“Ананың денсаулық жағдайының қолайсыз фонын және инфекциялық процестің оң зертханалық деректерін ескере отырып, науқас туғаннан бастап антибиотикалық терапия алған. Емдеу аясында баланың жағдайы жақсармаған, салмақтың патологиялық төмендеуі байқалған және ананың гипогалактиясын ескере отырып, аралас тамақтандыру тағайындалған. Осыған қарамастан, салмақта оң динамика болмаған, бала өмірінің 9-шы күні парентеральды тамақтану қосылған”, – деді "Жезқазған қаласының облыстық көпбейінді ауруханасы" ШЖҚ КМК неонатолог дәрігері Айнұр Бейсекова. 

Қазір перзентханада мерзімі өткен қоспаның нәрестелердің денсаулығына қалай әсер еткені анықталып жатыр. Ал аурухана қызметкерлері заң аясында жауапқа тартылады деді, облыстық басқарма басшылығы. Бүлдіршіннің шетінеуіне қатысты полиция департаменті қазір сотқа дейінгі тергеу бастады. Сот-медициналық сараптамасының нәтижесіне қарай бала өлімінің нақты себебі анықталатын болады. 

Талқылау