Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нағашылары тілі шықсын деп ішекпен қылқындырды”: Ұлына ұмыт қалған ырым жасап, көпшілікті таңғалдырған азамат жоралғының мәнін айтты

Желіде нағашылары қойдың ішегімен тілі шықпаған баланың мойынын қылқындырғаны көрінетін видео тарады. Көпшіліктің көзіне оғаш көрінген бұл ырымның бейнежазбасы 4 миллион қаралым жинаған. Осыдан кейін бүлдіршіннің әкесі Артур Асқаровпен тілдескен едік. Ол Stan.kz тілшісіне ұлының үш жасқа дейін сөйлемегеніне алаңдағанын және сол үшін түрлі амалдар жасағанын айтып берді. Сөзінше, бұл ырымнан соң кішкентай Алдияр былдырлап, өзіне қажетті дүниелерді түсіндіре алатындай болыпты.

Орал қаласынан Алматыға келген жас отбасының екі қызы мен ұлы бар. Артурдың кенжесі Алдияр 13 ақпанда төрт жасқа толады екен. Ол ұлының үш жасқа дейін тілі шықпағанына алаңдағанын жасырмады. 

“Әдетте балалардың үш жасқа дейін быдырлап, ойын түсіндіріп, тілі шыға бастайды. Бірақ ұлымның үшке толса да сөйлемей жүргенін байқап, біраз алаңдадық. Кейін оны мамандарға апара бастадық. Дегенмен маман таңдаудан қателестік пе білмеймін, олар бізге көмектесе алмады”, – деді Артур. 

Артур қазақтың дәстүр ырымдарын да байқап көруді шешіпті. Алдиярдың нағашылары оны арнайы шақыртып, бір қой арнап сойып, ішегімен мойынынан қылқындырып ырым еткен екен. 

“Қылқындырып жатқанда бала қысылғанынан амалсыздан дауысын шығарып, сөйлеп кетуі мүмкін. Бұл балаға ешқандай зиян келтірмейді. Оның үстіне біз мұндай ырым-тыйымдарды жастайымыздан көріп өстік. Сондықтан балама да неге жасап көрмеске деген ой келді”, – деп қосты Алдиярдың әкесі.

Артурдың сөзінше, бұл ырым халық арасында ежелден пайда болған.

“Аңыздар бойынша бірде мылқау жиені нағашысына қонаққа барған екен. Сол кезде жиенінің көзі оның қорадағы ең семіз қойына түсіп, ұрлап кеткен. Мұны білген нағашысы ерегісіп, ұрлаған қойды қайта ұстап сойып, ішегімен жиенін қылқындыра бастаған. Сөйлемей жүрген жиені ұялып, қорыққанынан сол жерде “нағашы қойдым, болды енді ұрламаймын”, деп айғайлап, тілі шыққан екен. Осылайша, кейін жұртшылық арасында тілі шықпаған балаларды нағашылары ішекпен қылқындырса сөйлеп кетеді деген сенім пайда болған”, – деді Артур. 

Алдиярдың әкесі ата-баба қалдырған ырымдардың көмегі болатынына сенетінін айтады.

“Кейін шынымен баламның шала болсын сөйлеп кеткен кездері болды. Сайрап тұрмаса да өзіне қажетті нәрселерді айтып түсіндіріп жеткізетін болды. Мұндай әрекетпен кішкентай баланы шошытып аласың, оның психологиясына ауыр тиеді дегендер бар. Алайда ешқандай ата-ана перзентіне қастық ойламайды ғой”, – деді Артур. 

Жас әке баласының бұл видеосы желіде осыншалық тарайды деп ойламағанын айтады.

“Мен видеоны естелік ретінде желіге жүктеген едім. Алайда осыншалық тарайды деп ойламаппын. Дәстүрлеріміз ұмыт қалып бара жатқан секілді. Себебі видеоны әлеуметтік желіге салғанымда адамдар көп таңданысын білдірді. Ырымнан хабары барлар мен таңсық болған жандар арасында қызу талқыланды”, – деді Артур. 

Алдияр төрт жасқа таяса да әлі толықтай ашылып сөйлемейді екен. Оның әкесі ұлын алдағы уақытта білікті мамандарға көрсетуге де дайын екенін жеткізді. 

 

Талқылау