Иранда хиджаб киюден бас тартқан әйелге құқық қорғау қызметкерлері дүре соққан
Иранда хиджаб киюден бас тартқан Роя Хешмати есімді әйелді құқық қорғау органдары ұрып-соққан. Оқиға көп ирандықтың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Iranntl cайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкім сәрсенбіде орындалды.
"Бұл қамшы бір әйелдің денесіне ғана соққы салмады, ол еркін өмір сүргісі келетіндердің бәрін соқты. Жетер дегенде қою керек. Қоғамды жиіркендірмеңдер", – деді белгілі саяси және әлеуметтік шолушы Аббас Абди.
Иранда хиджаб кимегені үшін жаза 1980-90-жылдары өте кең таралып, кейінгі екі онжылдықта сирек қолданылған.
Жақында ғана парламент қабылдаған хиджаб туралы заңда дүре соғу жазасы алынып тасталды. Соған қарамастан олар Хешматиді соққыға жыққан. Алайда ол тепкі астында қалса да, мәжбүрлікпен хиджаб киюден бас тартты. Оның бұл батылдығы Иран халқын тәнті етті.
Сот билігі Хешматидің "Ираннан тыс ұйымдасқан топпен байланысып, хиджаб кию ережесіне ашық түрде қарсы шыққаны үшін ақша алды” деген айыппен сотталып, оған қамшымен дүре соғу жазасы қарастырылғанын айтты. Айтуларынша, ол өзгелерді осы әрекетімен хиджабқа қарсы шығуға үгіттеген. Мәлімдемеде оның әрекетіне байланысты 74 дүре соғу үкімі күшінде қалды. Себебі оның қылмысы қоғамдық абырой пен имандыққа нұқсан келтіру ретінде қарастырылды.
Кейбір саясаткер әйелдер, соның ішінде он жыл бойы өз қалауымен хиджаб киетін танымал диссидент Захра Рахнавард пен реформалар майданы мен Иранның халықтық бірлік партиясын басқаратын Азар Мансури әйелді ұрып-соғуға қарсылық білдірді.
"Билік басындағылар! Сіздер Роя Хешматидің денесіне соққы салдыңыздар, бірақ оның ар-ожданы биік. Ол сіздердің бұл әрекетіңізге мысқылмен қарайды. Мен сіздердің басқару әдістеріңізді жек көремін ", – деді Захра Рахнавард.
Роя Хешмати 2011 жылдан бері күйеуі Мир Хоссейн Мусавимен бірге Иранның үкіметіне қарсы "Жасылдар қозғалысының" көшбасшысы ретінде үйқамақта отыр.
Иранның халықтық бірлік партиясын басқаратын Азар Мансури Хешматидің хиджаб кимегені үшін осы жағдайға түскеніне қарап, “үнсіз қалғандар мұсылман емес” екенін айтты.
Хиджабты міндеттеуді ашық сынаған 23 жастағы Хешмати сәуір айында қарапайым қызыл жейде пен қара юбка киіп, көшеде орамалсыз келе жатқан фотосын жариялаған соң үйқамаққа алынды.
Тегерандық Хешмати "жұрт алдына діни киімсіз шықты" деген айыппен он бір тәулікке қамауға алынды. Кейін оған "режимге қарсы үгіт-насихат жүргізді", "қоғамдық әдеп пен тәртіпті бұзды" және "әлеуметтік желілерде әдепсіз контент жасап, адамдарды азғындыққа шақырды" деген айыптар тағылды.
Әйел бастапқыда он үш жылға бас бостандығынан айырылды, шамамен 25 доллар (11 280 теңге) айыппұл және 74 соққы жазасы берілді. Апелляциялық сот бас бостандығынан айыру үкімін алып тастады, бірақ жаза мен айыппұлды өзгертпеді.
Роя Хешмати ортағасырлық азаптау камерасына ұқсас шағын бөлмеде дүре соққан уақытта "Тұр, тұр, әйелдер үшін, өмір үшін, бостандық үшін" деп сыбырлағанын айтады.
Әйел сот залына орамалсыз кірген. Ал сот қызметкерлері оның шашын жабуға тырысқан.