Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран Израильге 400-ге жуық зымыран ұшырды (видео)

Иран Израильге 400-ге жуық зымыран ұшырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Jerusalem Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Коллаж Stan.kz

Бейресми деректерге қарағанда, кейбір зымырандар діттеген жеріне жетуі мүмкін. Атыс жалғасуда. Бұған дейін Иранның Израильге екі толқынмен зымырандық шабуыл жасайтыны хабарланған еді.

Иран Израильге жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.

Ислам революциясы сақшылар корпусы ХАМАС жетекшісі Исмаил Хания, Хезболла жетекшісі Хасан Насролла және ИРСК қолбасшысы Аббас Нилфрушанның өлтірілуіне жауап ретінде "басып алынған жерлердің жүрегіне" соққы жасағанын хабарлады.

"Егер Израиль Иранның әрекетіне жауап беретін болса, одан да жойқын шабуылдарға тап болады", – делінген Иран билігінің хабарламасында.

Reuters басылымы Израильге зымырандық шабуыл Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің бұйрығымен жасалғанын мәлімдеді. 

The Times of Israel басылымының мәліметінше, Иранның зымырандық шабуылы нәтижесінде Израильде екі адам жарақат алған. Бұл туралы Израильдің ұлттық медициналық қызметі Маген Дэвид Адом мәлімдеді. Зардап шеккендер Тель-Авивтен келгендер, олар жеңіл жараланған.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ барлау қызметі Иранның Израильге ауқымды зымырандық шабуыл жасауға дайындалып жатқанын хабарлаған еді.

Талқылау