HUAWEI nova 13 кімдерге ыңғайлы смартфон?
Huawei компаниясы камерасы жақыннан да, алыстан да жақсы суретке түсіретін, дизайны ерекше және ең бастысы жадысы көп Huawei nova 13 смартфонын шығарды. Stan.kz ақпарат агенттігінің журналисі жаңа смартфонды бірнеше күн қолданып, оны сынап көрді.
Фото: Павел Шамин
Ерекше сәнге ие дизайны
Huawei nova 13 смартфонында назарыңды ең бірінші алатыны – дизайны. Смартфон өте сәнді етіп жасалған. Негізі құрылғының үш түстегі түрі бар екен: қара, торғын жасыл және ақ. Біз ақ түсте жасалған нұсқасын қолданып көрдік. Дегенмен оның түсі жай ғана ақ емес екен. Телефонның артқы корпусына көзге көрінер-көрінбес етіп шатпақ өрнектер салынған. Құрылғыны қозғалтқан сайын әлгі өрнектер де қозғалған сияқты болады. Заманауи сәндегі бұл ерекшелігі қазақы нақышқа да ұқсайды. Қазақылықты қайта трендке айналдырып жатқан адамдар смартфонның бұл қырын жоғары бағалайды.
Фото: Павел Шамин
Салмағы мен көлемі
Смартфон өте жеңіл әрі жұқа: қалыңдығы – 6,9 миллиметр, салмағы – 195 грамм. Бұл оның негізгі артықшылықтарының бірі дер едім. Себебі, мұндай телефонды кез келген жастағы адам ұстап жүрсе де, қолы талып кетпей, емін-еркін қолданып жүреді. Екіншіден, адамдардың басым бөлігі смартфонды бір қолмен ғана пайдаланады. Өйткені екінші қолында сөмкесі болуы мүмкін немесе метрода құлап қалмас үшін ұстағышты ұстап тұруы мүмкін.
Фото: Павел Шамин
Алғаш смартфонды көргенімде нәзік, қолымнан сырғып кететін сияқты көрінді. Дегенмен қателескен екенмін. Мен телефонды көлденеңнен ұстап суретке түскенді ұнатамын, құрбыларымызбен де кездескенде барлығымыз кадрда сыйып тұру үшін телефонның алдыңғы камерасын ашып, көлденеңнен қолданамыз. Құрылғың үлкен, қалың болса, сәл ыңғайсыздық тудырады. Ал Huawei nova 13 сияқты смартфондармен оп-оңай.
Фото: Павел Шамин
Камерасы
Huawei nova 13 смартфонының камерасының бірқатар мүмкіндігі бар екен. Біріншіден, фотоны, видеоны кәдімгі қалыпта, алыстан, жақыннан түсіруге болады. Мәселен, Алматыдағы бір сауда орталығында жаңажылдық ойыншық ілініп тұрды. Оны бір орында тұрып, камера арқылы алыстан да, жақыннан да түсіріп көрдім. Нәтижесінде фото әжептәуір сапалы болып шықты. Айтпақшы, тек артқы емес, алдыңғы камера арқылы да, портрет режимінде де алыстатып не зум арқылы фото, видео жасауға болады.
Фото: Павел Шамин
Көзі нашар көретін адамдар камераны көз ретінде пайдаланатынын білесіздер ме? Мәселен, мен алыстан келе жатқан автобустың нөмірін, бағдаршамда қанша секунд көрсетіп тұрғанын көре алмаймын. Сол кезде мен көзіме салмақ түсірмей, бірден смартфонымның камерасын ашып, сол арқылы маған қажет автобус келе жатыр ма, әлде басқасы ма, біліп аламын. Дәл осы әдіс үшін Huawei nova 13 да қолданып көрдім. Автобустың маңдайында жазылып тұрған кішкентай сандар тұнық көрініп тұрды.
Фото: Павел Шамин
Одан кейін смартфонның портрет режимін қолданып көрдім. Huawei nova 13-ке жасанды интеллект мүмкіндіктері қосылған екен. Соның арқасында фото анық, қанық, жарық болып шығады. Өзіңді суретке түсірсең, бетің, терің тегіс болып, бар кем-кетігіңді жасырып қояды. Тіпті, боянып отырудың, түрлі эффектісі бар бағдарламалар жүктеп отырудың қажеті жоқ.
Фото: Павел Шамин
Huawei nova 13 смартфонының камерасы 50 мегапиксельді сенсормен жабдықталған және диафрагма арқылы реттеліп отырады. Бұл дегеніміз құрылғы жарықты реттеп, видеоны, фотоны барынша сапалы, дұрыс етіп түсіреді деген сөз. Мәселен, далада күн сәулесі қатты түсіп тұрса, телефон диагфрамасын азайтады. Ал қараңғы жерде, керісінше, көп жарық алу үшін диагфрагмасын жоғарылатады. Осылай, құрылғы иесі кез келген уақытта сапалы сурет, видео түсіру мүмкіндігіне ие болады екен.
Әдемі сурет алу үшін бір жерде он шақты рет түсеміз: кейбірінде көзіміз жұмылып қалуы, кейбірінде сөйлеп қалған сәтіміз түсіп қалып жатады. Кейін таңдай алмай отыратынымыз бар. Huawei компаниясы осы мәселені ескеріп, Huawei nova 13-ке жаңа функция қосқан. Жасанды интеллектің арқасында енді смартфоныңыз бірдей он суретіңіздің ішінен ең әдемісін, сапаласын таңдап бере алады екен.
Фото: Павел Шамин
Huawei nova 13 – инклюзив смартфон
Huawei компаниясы жаңа смартфонын шығарғанда қоғамдағы түрлі адамның мүмкіндігін, қажеттігін ескергені ұнады. Смартфонның баптау функциясын толық қарап, танысып шықтым. Біріншіден, зейнеттегі кісілерге ыңғайлы болуы үшін смартфондағы бағдарламаларды, қаріптерді үлкен етіп жасап қоюға болады екен. Оған қоса көзі нашар көретін және құлағы нашар еститін адамдардың жағдайы қарастырылған. Мысалы, олар мәтінді аудио ретінде тыңдай алады, қаріптерді үлкейте алады, түстерді ыңғайлай алады, ым-ишара арқылы телефонды басқара алады. Меніңше, компания өте өзекті мәселені ескеріп, сапалы технология жасап отыр.
Фото: Павел Шамин
Жады және тағы басқа қызмет түрлері
Huawei nova 13 смартфонының жады – 512 Гб. Мұндай жады бар телефонға біраз архив суретіңізді, видеоңызды, контентіңізді сақтауға, түрлі қолданба, ойын жүктеуге болады. “Смартфонымның жады бітті” деп жылы естеліктеріңді өшіріп отырудың қажеті жоқ.
Жиілігі – 1440 Гц, OLED-экраны – 6.7 дюйм, P3 түс гаммасы – 100%. Құрылғы контентті 2412х1084 сапада көрсетеді. Сонымен қатар басқа да смартфондағыдай мұнда да ойын, банк және тағы басқа барлық қолданбаны жүктеуге, барлық іздеу жүйесін қолдануға болады.
Фото: Павел Шамин
Айтпақшы, смартфонның басты бетіне түрлі қызық әрі ерекше мем-картинкалар қоюға болады. Оған қоса галереядағы өз суреттіңізді қиып алып, қазір трендке айналған стикерлерді жасай аласыз.
Фото: Павел Шамин
Қуаты
Huawei nova 13 смартфоны батареясының сыйымдылығы – сағатына 4900 мА. Тез қуаттайтын 100 Ваттық HUAWEI SuperCharge Турбо қуаттағышы арқылы небәрі 10 минутта құрылғыны 50%-ке дейін қуаттауға болады. Қуаттаған кезде смартфон сәл ғана қызуы мүмкін, дегенмен бұл қалыпты нәрсе екен.
Фото: Павел Шамин
Қорытындыласақ, HUAWEI nova 13 series – жастарға да, егде жастағыларға да, балаларға да, шығармашылықпен айналысатындарға таптырмас құрал. Бұл смартфон ерекше болып, түрлі ғажайып контенттер жасап, технологияның мүмкіндіктерін қолдануды жөн көретіндерге арналған.