Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда анықталған есірткі желісінің өз HR-менеджерлері мен химиктері болған

есірткі таратқан топ
Фото: Ішкі істер министрлігі

Қазақстандықтар жұмысқа орналасамыз деп, халықаралық есірткі бизнесінің бір бөлігіне айналып кеткен. Қылмыстық топ call-орталық операторлары мен курьерлерден бастап химиктер мен қойма қызметкерлеріне дейін жалған жұмыс ұсынып тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі адамдарды есірткі бизнесіне тартумен айналысқан халықаралық қылмыстық желінің жолын кесті. Бір жылдан астам уақытқа созылған арнайы операция бірнеше мемлекеттің аумағын қамтыды.

Операция Украина және Албанияның құқық қорғау органдарымен, Қазақстан мен Украинаның Бас прокуратураларымен, Интерпол және АҚШ-тың

Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілді. Қылмыскерлер адамдарды заңды жұмысқа орналастыруды сылтау етіп, call-орталық операторларын, HR-менеджерлерді, химиктерді, курьерлерді, есірткі жасырушыларды, логистер мен қойма қызметкерлерін тартқан. Оларға оңай әрі жоғары табыс уәде етіліп, іс жүзінде халықаралық есірткі бизнесіне араластырған.

"Қылмыстық құрылымда рөлдер нақты бөлінген. Оны көршілес мемлекеттің 36 жастағы азаматы ұйымдастырған. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі операцияның барлық негізгі кезеңдеріне қатысты", – деді ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Қылмыстық әрекеттерді құжаттау барысында Украинадағы call-орталықтарда 26 тінту жүргізіліп, 4 мыңға жуық цифрлық дәлел тәркіленді. Оларды талдаудан соң Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкені, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және оған тартылған жүздеген адам анықталды.

Олардың Қазақстан аумағында есірткі таратуға қатысы бар-жоғын ішкі істер министрлігінің қызметкерлері тексерді. Мамыр айында операцияның кезекті белсенді кезеңі өтті. Қазақстан ІІМ өкілдерінің қатысуымен Киев қаласы мен Киев облысында 70 тінту жүргізіліп, адамдарды қылмысқа тартумен айналысқан call-орталықтардың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық қоғамдастықтың 27 белсенді мүшесі анықталды.

Шілде айында Қазақстан аумағында украиналық құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тағы 15 тінту жүргізілді. Осылайша, елімізде есірткі сатуға қатысы бар желі мүшелері ұсталды.

"Қылмыстық құрылым ішінде қатаң ережелер болған. Қылмыстық әрекеттен бас тартуға тырысқан адамдарға айыппұл салынған, оларды ұрып-соғып, заңсыз ұстап отырған. Тартымды көрінетін бос жұмыс орындарының артында адамды есірткі бизнесіне тарту тұрған. Ал адам бұл іске кіргеннен кейін одан шығуға мүмкіндік бермеген", – деді Қуандық Әлжанов.

Операцияның қорытынды кезеңінде Украинаның бес облысы мен Киев қаласында тағы 35 тінту жүргізілді. Осылайша азаматтарды қылмысқа тартумен айналысқан халықаралық желінің екі буыны жойылды.

Жалпы, құрамында синтетикалық есірткі бар 24 келі қоспа, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым және өлшеп салынған 2 мыңға жуық пакет тәркіленді. Жеті адам ұсталып, қылмыстық схемаға қатысқан тоғыз адамға айып тағылды.

"Бұл сандардың артында таралмаған мыңдаған есірткі дозасы тұр. Бұл адамдардың денсаулығын сақтап қалу, отбасыларды есірткіге тәуелділіктен қорғау және азаматтарды қылмыстық бизнеске тартылудан аман алып қалу деген сөз. Халықаралық желіні ұйымдастырушылар мен оның барлық қатысушыларын анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр", – деді спикер.

Министрлік азаматтарды интернеттегі оңай табыс туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Ведомствоның мәліметінше, сырт көзге тартымды көрінетін бос жұмыс орындарының артында халықаралық есірткі желісі тұруы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға есірткі сатумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Украина азаматы Польшада ұсталған еді. Тергеу мәліметінше, ол Telegram-дағы "Kaef Mafia" дүкені арқылы синтетикалық есірткі саудасын ұйымдастырып, Қазақстаннан 2,8 миллиард теңгеден астам қаражаттың айналымына қатысы болған. 2025 жылдың желтоқсанында ұсталған күдікті кейін Қазақстанға экстрадицияланды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 14:37