HONOR 200 Pro: Кино сияқты сапалы контент түсіретін смартфон
HONOR бренді камерасы фильм түсіруге арналған, алысты 50X-ке дейін жақындата алатын, сондай-ақ бет-әлпеттегі кемшіліктерді барынша жасыруға көмектесетін HONOR 200 Pro смартфонын шығарды. Stan.kz журналисі жаңа смартфонды бірнеше күн қолданып көріп, гаджетке қатысты көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп көрді. Ендеше, көрген-білгенімізді бөлісейік.
Фото: Stan.kz
Сырт көрінісі мен дизайны
Кез келген адам бір затты сатып алмас бұрын оның сырт көрінісіне мән береді. Киімнің таза әрі әдемі екеніне, алманың шірімегеніне әрі қып-қызыл болып тұрғанына қарап алады. Смартфон сатып алғанда да дәл солай. HONOR 200 Pro смартфоны талғампаз жанның назарын өзіне бірден аудара алады, себебі оның дизайны ерекше. Біріншіден, бұл смартфонның екі түсі бар: “Мұхитты көгілдір” және “Барқытты қара”. Біздің қолымызға да смартфон келіп түсті. Смартфонның артқы корпусында ерекше сызықтар бар екен. Ол теңіздің шайып әкеткен жағадағы аппақ, жұп-жұмсақ құмына ұқсайды. Өте әдемі көрінеді.
Фото: Stan.kz
Екіншіден, смарфтон жеңіл әрі жұқа. Салмағы – небәрі 199 грамм, ал қалыңдығы – 8,2 миллиметр. Мұндай жұқа, жеңіл телефонды ұзақ уақыт ұстап жүрсең де, қолың талмайды. Үшіншіден, смартфонның төрт қыры да дөңгелек келген, яғни қолыңа, алақаныңа қырлары батпайды.
HONOR 200 Pro-ның сырт көрінісіне қарап, оны кез келген адамға ұсынар едік. Себебі бұл смартфон кеңседегі қатал басшыға да, майысып тұрған балетшіге де, немересін баққан қарт әжеге де, кино саласында жүрген жігітке де жараса кетеді.
Фото: Stan.kz
Камерасы
Адамдар жылы сәттерін естелік ету үшін суретке, видеоға түсіріп алғанды ұнатады. Әдемі адамды, ғажап табиғатты, ерекше жағдайды көрсек, смартфонымызды ала жүгіретініміз бар. Кейін сол суреттер мен видеоларға қарап, өткен күнге тамсана қараймыз да, марқайып қаламыз. Бұл смартфон камерасының өміріміздің маңызды бөлшегіне айналғанын көрсетеді. HONOR бренді осыны ескеріп, жаңа смартфонының камерасын озық технология бойынша барынша жақсы етіп жасаған.
HONOR 200 Pro жай ғана смартфон емес, камерасы арқылы ойыңыздағы түрлі креатив идеяңызды жүзеге асыратын, тіпті кино етіп түсіріп беретін құрал. HONOR 200 Pro камералары “смартфонның жауһары бізбіз” деп тұрғандай. Шынымен-ақ, телефонды сынағанда бізді ең таңғалдырғаны камерасы болды.
HONOR 200 Pro-ның негізгі үш камерасы бар. Олардың әрқайсы жеке-жеке және бәрі бірге көп мүмкіндік береді. Мәселен, камерасы кең ауқымды фотоға түсіре алады. Тойда “үлкен әулетіңізбен бір фотоға сыймай қаламыз” деп еш уайымдамайсыз. Смартфон 0,5х-тен бастап 50х-ке дейін, яғни алыстан да, жақыннан да тұнық етіп түсіреді.
Фото: Stan.kz
Оған қоса смартфонның макро және микро камерасы арқылы кішкентай детальдарды да анық түсіруге болады. Мысалы, Алматының жаңбырлы күнінде оның камерасын тексеріп көрдік. Құрылғы жаңбырдың әр тамшысын қалт жібермеді. Айтпақшы, жаңбыр жауып жатқан сәтті түсіру үшін жаңбырдың астында тұруға келді. Дегенмен телефонға ештеңе болмады, өйткені оны су өтпейтін етіп жасап қойған.
Фото: Stan.kz
Смартфонның камерасындағы “Harcourt” режимы, яғни эффектерді де айтып өтуге болады. Негізгі үш эффекті бар екен: қанық, реңк беретін және ақ-қара түрі. “Harcourt Vibrant” эффектісі суретте бейнеленген адамның бет-әлпетін, үстіндегі киімін, заттарды анық әрі қанық етіп көрсетеді. Ал “Harcourt Color” эффектісі суреттегі түстерді тұп-тұнық, яғни қызылды қып-қызыл, жасылды жап-жасыл еткені ұнады. Фото одан әрі сапалы көрінеді. “Harcourt Classic” режимы арқылы суреттің түсі ақ-қара болып шығады. Бұл эффектті қолданып, ескі замандағыдай, әрі эстетикалық фото жасауға болады.
Фото: Stan.kz
Алдыңғы камерасы
Туыстарымызды, достарымызды, заттарды суретке түсіреміз. Айналамыздағы сұлулыққа тамсанып жүріп, өзімізді суретке түсіруді ұмытып кетіп жатамыз. “Мені фотоға түсірші” деп өзгені де әурелегің келмейді, арнайы фотосессия жасауға да мүмкіндік бола бермейді. Мұндай да HONOR 200 Pro көмекке келеді. Себебі оның алдыңғы камерасының кәдімгі түрі де, портрет режимі де өте сапалы етіп түсіреді. Қаласаңыз артқы фондағы көріністің бәрін бұлдырлатып, тек өзіңізді фокусқа алып, жоғары сападағы фото жасап береді.
Фото: Stan.kz
Барлық адам суретте, видеода әдемі болғысы келеді. Кейде тіпті арнайы қолданбалар арқылы бетіміздегі безеуді кетіріп, сәл опа-далап жағып, өңдейміз. Тіпті өзімізге ұнамайтын мұрнымызды не құлағымызды кішірейтіп қоямыз. Мұның еш әбестігі жоқ. Дегенмен мұндай қолданбалар смартфоннан орын алып тұрады әрі кейбірі ақылы. Ал HONOR 200 Pro смартфонының өзінің камерасы ешқандай қолданбасыз-ақ, осының бәрін істеуге мүмкіндік береді.
Мәселен, төмендегі суреттегі Аружан HONOR 200 Pro смартфонының камерасы арқылы бетін, мұрнын сәл кішірейтіп, кішкене бояу жағып, бетін тегістеді. Сөйтіп одан әрі сұлу болып шыға келді.
Айта кетері, смартфон жасанды интеллект арқылы ондағы фото мен видеоларды қосып, дайын фильм жасап та бере алады.
Процессоры мен жады
HONOR 200 Pro-ның процессоры – Snapdragon 8s-тің үшінші буыны. Оның 8 ядросы бар. Бір ядросы 3,0 ГГц жиілігі бойынша, үш ядросы 2,8 ГГц, қалған төртеуі 2,0 ГГЦ жиілігі бойынша қызмет етеді. Бұл смартфон жылдам істейді және бір мезетте бірқатар тапсырманы орындай алады деген сөз.
Honor 200 Pro смартфоны әжеңіздің сандығы сияқты: онда түрлі затты сақтай аласыз. Себебі смартфонның операциялық жады – 12 Гб, ішкі жады – 512 Гб. Демек қажетіңізше фото-видеоларды, керек деректерді сақтауыңызға, тіпті фильмдер жүктеп алып көруіңізге болады.
Фото: Stan.kz
Экраны
HONOR 200 Pro cмартфонының экраны – 6,78 дюйм. Жиілігі – 120 Гц. Дисплейі OLED технологиясы бойынша жасалған. Бұл дегеніміз смартфон бейнені, фотоны өте анық әрі қанық етіп көрсетеді. Смартфонды әзірлегендер экраннан зиян көк түс аз шығатын етіп жасаған. Бұл көз жанарыңызды қорғауға көмектеседі.
Кейбір адам түнде смартфонын шұқылап жатып, ұйықтап қалады, ал телефоны қосулы қалып қояды. Кейбірі тас қараңғы бөлмеде смартфон қолданады. Осындай сәттерде жасанды интеллект негізінде жасалған HONOR 200 Pro экранының жарығы өзгеріп тұрады да, ағзаңызға зиянын тигізбейді.
Ақылды жүйесі
HONOR 200 Pro-ны жасағанда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін максималды түрде қолданған екен. Соның арқасында HONOR 200 Pro – өте ақылды смартфон. Бұл телефонға MagicOS жүйесі орнатылған. Смартфонның іші түсінікті, ыңғайлы: ненің не екенін және қайда тұрғанын бірден ұғасың.
Оған түрлі функция қосылған. Мәселен, телефон экранына қолды тигізбей-ақ, басқаруға болады. Ол үшін 20-40 сантиметр қашықтан алақанды астыға-үстіге сермеу керек. Ал камераны ашып, жай ғана күлімсіресеңіз, фотоға түсіреді. Оған қоса экранды бір саусақтың аралық буын сүйегімен екі рет басса, экранның скриншоты жасалады, ал екі саусақтың аралық буын сүйегімен екі рет басса, экранды видео етіп жазып алады. Өзіңізді бір сиқыршы сияқты сезінесіз.
Сайттан қызық ақпарат көріп қалдыңыз, бірақ қазір оқуға уақытыңыз жоқ. Экранның бетіне үш саусағыңызды қойып, төмен қарай бір сырғытып жіберсеңіз, әлгі веб-сайтты сақтап аласыз. Сөйтіп бос уақытыңызда ашып, оқи аласыз. Ал бір фотодан маңызды ақпарат көріп қалсаңыз, бірақ оны теруге ерінсеңіз, Honor 200 Pro арқылы ондағы мәтінді көшіріп алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, смартфон қолданушының өмірін кәдімгідей жеңілдетеді.
Фото: Stan.kz
Смартфонның қуаты таусылып қалды, ал қуаттағышыңызды ұмытып кеттіңіз делік. Еш уайымдаңыз. Енді жаныңыздағы кез келген смартфон түрін ұстаған адамнан көмек сұрай аласыз. Ол үшін телефонның арт жағына HONOR 200 Pro-ны тақап қойсаңыз, автомат түрде қуатталады.
Айтпақшы, бұл смартфон арқылы бір мезетте алдыңғы және артқы сәтті видеоға түсіруге де болады. “Камераны қайта-қайта бұрып, телефонды құлатып аламын-ау” демейсіз. Оған қоса смартфонды теледидар, кондиционер және тағы басқа техниканың пульті ретінде қолдануға болады.
Дыбысы
Смартфонның екі динамикасынан дыбыс өте жақсы естіледі. Оның дыбысын 200%-ға дейін шығаруға болады. Үй жинағанда қатты, ұйықтар алдында ақырын ете аласыз.
Қауіпсіздігі
Қазір жаңа технология мен ақпарат заманы болғандықтан, адамдардың жеке деректері тез тарап кетіп жатады. Оны пайдаланып, сан-соқтырып кететіндер алаяқтар да көп. Сол себепті Honor 200 Pro смартфонының барынша қауіпсіз еткен. Смартфон иесі құрылғысын саусақ ізі немесе бет-әлпеті арқылы ғана ашылатын ете алады. Оған қоса кәдімгі құпия сандарды енгізе алады. Сондай-ақ жеке дерек болып саналатын ақпаратты бұлыңғырлататын функциясы бар.
Бұл смартфонды баласына алып беретін ата-ана оған бақылау қоя алады. Баласы ұзақ уақыт телефонға телміріп отырмасы үшін оны шектеулі уақытта ғана пайдаланатындай жасауға болады.
Қуаттағышы мен байланыс желісі
Honor 200 Pro батареяның сыйымдылығы – сағатына 5200 миллиампер. Смартфонды сым арқылы және сымсыз қуаттауға болады. Сым арқылы қуаттайтын HONOR SuperCharge қуаттағышының аккумуляторы – 100 Вт. Ол смартфонды 15 минутта 50%-ға қуаттап береді. Ал 60 Вт болатын сымсыз қуаттағышы қуатын жарты сағатта 65%-ға толтырып береді. Асығып тұрған, тоқ көзінің жанында отыруға уақыты жоқ, шұғыл смартфон керек адамдар үшін ыңғайлы.
Смартфонға кәдімгі SIM-картаны орнатуға болады әрі онда eSIM бар. Мәселен, шетелге барғанда сол елдің SIM-картасын сатып алмай-ақ, осы eSIM арқылы тариф қосып, емін-еркін интернет қолданасыз.
Қорытындыласақ, Honor 200 Pro – кез келген адамға таптырмас құрал. Әр сәтін әдемі етіп тек есінде емес, смартфонында да сақтап қалғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік.