Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықаралық деңгейдегі алаяқтық": Қырғызстанда өнер көрсетуден бас тартқан Say Mo-ның басы дауға қалды

Танымал әнші әрі рэп орындаушы, қалың көпшілікке Say Mo лақап атымен танымал Мөлдір Есембек Қырғызстанда сахнаға шығып, өнер көрсетуден бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.

©instagram.com/say_mo__

15 шілде күні Ыстықкөлдің жағасында Say Mo-ның қатысуымен концерт өту керек болатын. Say Mo іс-шараны жарнамалағандықтан, концертте өнер көрсетіп, оған қоса көрермендер арасында Дубайға жолдама ойнатылуы керек еді. Аталмыш концерт билетінің құны –  3-8 мың сомға аралығында. Яғни теңгемен шаққанда 15 – 40 мың теңге. 

Болған жағдайға қатысты көрерменнің бірі наразылық білдірді.

“Концертте Say Mo өнер көрсеткен жоқ, Дубайға жолдаманы да ойнатқан жоқ. Біз 3 мың сомға төрт билет, 6 мың сомға бір билет сатып алдық. Барлығы Say Mo-ны көру үшін келді. Адамдар Бішкектен және Ош қаласынан келді. Welcome drink, Fire Show сынды ойын-сауық болады деп уәде еткен. Ол да жоқ. Соңында ұйымдастырушылар жарықты өшіріп, қашып кетті. Бұл –халықаралық деңгейдегі алаяқтық. Концертті екі ай жарнамалады”, – дейді Айым Сыртбаева.

Концертті ұйымдастырушылар заңгерлер арқылы билеттің ақшасының тек 10 пайызын ғана қайтаратынын айтқан. 

“Ұйымдастырушылар концерттің 30 пайызын ғана ақтады. Біз ақшамыздың 50 пайызын қайтаруын талап етеміз. Бірақ бізге ол үшін Чолпан-Атаға барып арыз жазуды ұсынып отыр. Мұның бәрі бізге шығын ғой”, – дейді көрермен.

Әншінің өзі де көршілес елдегі жанжалға қатысты мәлімдеме жасады. Айтуынша, іс-шараны ұйымдастырушылар өнер иесіне тиісті гонорады толық төлемеген. Сол себепті ол сахнаға шығудан бас тартқан.

“Ыстықкөлдегі концерт болмайды. Біріншіден, олар гонорардың ақшасын толық төлеген жоқ. Мен жарты ақшаға да, тегін де өнер көрсетпеймін. Екіншіден, ұйымдастырушылар әншінің жатын орны мен күзетіне қатысты талабын орындаған жоқ. Олар салғырттық танытты. Тіпті қонақүйдің ақшасын төлемеген”, – дейді Say Mo.

Концерттің ұйымдастырушысы Жібек Муктарбекова да өз шындығын айтты. Олар өз міндетінің 80 пайызын орындағандықтан, егер көрермендер Чолпан-Атаға барып арыз жазған жағдайда ақшаның 30 пайызын қайтарып беретінін айтқан.

“Әнші сахнаға шығуына 15 минут қалғанда бәрінен бас тартты. Түн жарымда 1,5 миллион теңге беруімді талап етті. Мен Ыстықкөлде, түн ортасында ондай ақшаны таба алмас едім. Біз оған аталған соманы соммен, доллармен бере алатынымызды айттық, бірақ ол келіспеді. Оның үстіне, Say Mo Ыстықкөлге төрт адам болып, отбасымен келген екен. Біз концерт болатын күнге қарап, 14-16 шілде аралыңында олардың жатын орнын төлеп бердік. Бірақ ол демалыс күндерді 19 шілдеге дейін ұзартуын талап етті. Қонақүйдің бір күндік құны 380 мың доллар. Әлбетте, мен олай жасай алмаймын. Сол себепті ол сахнаға шығудан бас тартты”, –дейді Жібек Муктарбекова. 

Талқылау