Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір іс бойынша тергеу аяқталды – Антикор

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қозғалған бопсалау дерегі бойынша пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Агенттіктің ресми өкілі Данияр Бегайдаров Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеудің аяқталғанын мәлімдеді.

“Күдікті Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі көлемде бопсалау және ауыр зардаптарға әкеп соқтырған озбырлық фактілері бойынша тергеу аяқталды. Гүлмира Сатыбалдаға қатысты Алматы қаласы тергеу сотының бекітуімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуды жалғастырып жатыр. Оның қорытындысы бойынша іс сотқа жіберіледі”, – деді Данияр Бегайдаров.

Еске салайық, 4 мамырда Гүлмира Сатыбалды 389-баптың 3 және 4-бөлігі (Өзiнше билiк ету, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып жатқан, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру) мен 125-баптың 2-бөлігінің 1 және 8-тармақтары (Пайдакүнемдік ниетпен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау) бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ Сатыбалды “Құрмет” орденінен айырылды. Сонымен қатар сот Гүлмира Сатыбалдыдан кәсіпкер Тұрсен Алагөзовқа 6,5 миллиард теңгені өтеуге міндеттеді.

Сот жазаны өтеуді қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде тағайындау туралы шешім қабылдады. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Сатыбалдының жазасын өтеу мерзімі 2022 жылғы 16 наурыздан бастап қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеу кезінде қамауға алудың бір күні есебімен 2022 жылғы 16 наурыздан бастап күшіне енгенге дейін есептеледі.

Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге жұмсалған қаражатты жымқыру, басып алу және ұрлау істеріне қатысты айыпталған.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері пара алғаны үшін ұсталған еді.

Талқылау