"Геноцид жалғаса берсе, біз де қарап тұрмаймыз": Иран Газа секторындағы соғыс үшін АҚШ-қа сес көрсетті
Иран СІМ басшысы Хоссейн Амир Абдоллахиян АҚШ қаржылық және әскери қолдау арқылы соғысқа араласып қана қоймай, Газа соғысын басқарып отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irna сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Иран дипломатиясының басшысы Нью-Йорктегі БҰҰ бас Ассамблеясында сөз сөйледі.
"АҚШ-тың өзі палестиналықтарға қарсы қылмыс жасап, соғысқа нақты және тікелей қатысуда. Ол басқаларды соғысты тоқтатуға және ұстамдылық танытуға шақыра алмайды", – деді министр.
Иран СІМ басшысы БҰҰ бас ассамблеясының отырысында Газа секторында геноцид жалғаса берсе, олар да шет қалмайтынын айтып, ескертті.
"Америкаға ескертемін, егер қақтығыс ауқымы бақылауға алынбаса, олар да жауапсыз қалмайды", - деді Амир Абдоллахиян.
Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропа елдері Израильдің Газа секторында 7000 бейбіт тұрғынды өлтіруін қолдап отыр.
"Соғыстың өршуін құптамаймыз, бірақ Газадағы соғыс жалғаса берсе, біз өртті тоқтата алмаймыз", – деді ол.
Ирандық шенеунік Израильдің агрессор және басқыншы екенін атап, Палестина халқы оған қарсы тұруға және өз елін құруға құқылы екенін айтты.
Оның айтуынша, ХАМАС азаматтық тұтқындарды босатуға дайын және Иран, Катар және Түркия бұл процесске қатысады.
Министрдің айтуынша, халықаралық заңдарға сәйкес палестиналықтар тәуелсіздік үшін, оның ішінде қарулы күрес үшін күресуге құқылы.