Ғалымдар қолма-қол ақша ұстамайтындардың шығыны не себепті көп екенін айтты
Австралиялық ғалымдар адамдардың электронды ақшаны есепсіз жұмсайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
17 мемлекеттегі елдің табысы мен шығысын зерттеген австралиялық ғалымдардың айтуынша, қолма-қол ақша ұстамайтындардың шығыны көп. Өйткені олар сауда-саттықты тек банк қосымшасы мен карта арқылы жасағандықтан қаражаттың құнын сезбейді. Осылайша оны есепсіз жұмсай береді екен.
Қазір қолма-қол ақша ұстайтындар азшылық. Екінің бірі электронды ақшаны тұрақты қолданады. Алайда картадағы қаражатты орынды әрі есеппен жаратуды білмейді. Отандық қаржыгерлер қолма-қол ақшаның маңызы жоғалмау керек деген пікір білдірді. Айтуынша, негізгі шығындарға кететін қаражатты есепшоттан гөрі, әмиянда жинаған тиімдірек.
“Адам қолма-қол ақшаны басқаша құртады. Қолмен ұстаған соң оның құнын сезеді. Көп жерде жұмсағысы келмейді. Ал электронды ақша көбіне жай сандар, жалпы сома сияқты ғана көрінеді. Сондықтан белгілі бір мөлшерде қолма-қол ақша ұстау қажет. Мысалы, несие төлейтін қаражатты қолма-қол жинаған абзал. Бұл есеп жүргізуге мүмкіндік береді. Сосын біздің елде ақшаны несиеге беруді қиындату қажет. Қазір банктен қарыз алу жеңіл, соған орай адамдар да қаражаттың құнын сезе бермейді”, – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Бұған дейін маман баспана сатып алуға тиімді уақытын атаған еді.