Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фетхуллах Гүленнің өлімі, Түркиядағы теракт, Израильдің Иранға әуе шабуылы: Әлемдегі саяси жаңалықтарға шолу

Осы апта Фетхуллах Гүленнің өлімі, Түркия астанасы Анкарадағы террорлық шабуыл, Қытайдың соғысқа дайындық бастауымен, Израильдің Иранның әскери нысандарына әуе шабуылын жасауымен есте қалды. Оған қоса Беларусьте 26 қаңтар күні президент сайлауы өтетіні белгілі болды. Сайлауда қазіргі президент Лукашенко тағы да бақ сынамақ. Ал Ливанда Израиль соққысы нәтижесінде үш журналист қаза тапты. Stan.kz тілшісі осы аптадағы әлемнің ең маңызды саяси жаңалықтарына шолу ұсынады.

Фетхуллах Гүленнің өлімі

Түркияда 2016 жылғы қанды төңкеріс әрекетін ұйымдастырды деп айыпталған Фетхуллаһ Гүлен 83 жасында көз жұмды. АҚШ-та қуғында өмір сүрген ол Пенсильвания ауруханасында көз жұмған. 

83 жастағы Гүленнің қайтыс болғаны туралы ақпаратты оның туысы Эбуселеме Гүлен растады. Туысының айтуынша, ол бірнеше жыл созылмалы дертпен ауырған.

Фетхуллах Гүлен кім?

Фото: AP Photo 

Фетхуллах Гүлен Түркияда террористік болып табылған FETÖ ұйымының жетекшісі, жазушы және қоғам қайраткері, бұрынғы имам, "Хизмет" қозғалысының жетекшісі. 25 жылдан бері АҚШ-тың Пенсильвания штатында өмір сүрген. 1999 жылы АҚШ-қа емделуге кетіп, Түркияға оралмаған. Гүлен өзінің Түркияға оралғысы келетінін, бірақ саяси арандатулар мен тұрақсыздықтан қауіптенетінін айтқан.

Гүленнің "Хизмет" деген атпен белгілі қозғалысы Түркияда және дүние жүзінде білім беру мекемелерін ашқан.

"Хизмет" қозғалысы бір кездері қазіргі Түркия президентті Ердоғанның одақтасы болған. Бірақ Түркия президенті 2013 жылы қозғалыстың жүздеген мектептерін жауып, үкіметті "мемлекет ішіндегі мемлекет" деп аталған “гүленшілерден” тазартуға уәде берді.

2013 жылдың соңындағы сыбайлас жемқорлық жанжалы Режеп Тайып Ердоған мен Гүлен арасындағы қарым-қатынасты одан әрі ушықтырды. 2014 жылдың 19 желтоқсанында іске қатысты Ыстанбұл соты Гүленді қамауға алу туралы санкция берді.

Түркия үкіметі 2016 жылдың мамыр айында "Хизмет" ұйымын ресми түрде террористік ұйым деп жариялады. Араға аз уақыт салып 2016 жылдың 15 шілдесінде Түркияда мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырылды.

Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл төңкеріс әрекеті үшін Гүлен қозғалысын айыптады. Алайда Гүлен бұл айыптауларды жоққа шығарған. 

“Әскерилердің көбі біздің жағымызда деп қателестік. Алайда олардың басым көпшілігі, отанын сатып кетті. Олар Пенсильваниядан басқарылды", – деген еді Ердоған 2016 жылғы төңкеріс әрекетінен кейін.

Көп ұзамай Түркияда Гүленнің ізбасарлары деп танылған “гүленшілерді” жаппай тұтқындау басталды. 77 000 адам қамауға алынып, 150 000 мемлекеттік қызметкер, соның ішінде мұғалімдер, судьялар және сарбаздар жұмыстан шеттетілді.

2016 жылдың 19 қазанында Ислам ынтымақтастығы ұйымы (оның құрамына Түркиядан басқа 56 мемлекет кіреді) ұйымды террористік деп таныды.

Түркия сот алдында жауап беру үшін Гүленді экстрадициялауды сұрады. Бірақ АҚШ алдымен оның төңкеріске қатысқаны туралы дәлелдерді көру керектігін айтып, Гүленді АҚШ-та қалдырды.

Түркиядағы теракт

Фото: АА

24 қазан күні Анкарадағы TUSAŞ түрік аэроғарыш өнеркәсібі штаб-пәтеріне лаңкестік шабуыл болды. Шабуыл салдарынан 5 адам қаза тауып, 22 адам жараланған.

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая екі лаңкестің де шабуылдан кейін өлтірілгенін мәлімдеді.

"TUSAŞ Анкара Кахраманказанда болған терактіде екі террорист залалсыздандырылды. Өкінішке қарай, шабуылда бес адам қаза тауып, 22 адам жараланды. Зардап шеккендердің он төрті ауруханадан шығарылды, сегіз адам ем қабылдауда", – пеп мәлімдеді Йерликая.

Ол қылмыскерлердің Түркияда террористік ұйым деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясының (PKK) мүшелері болуы мүмкін екенін айтты.

"Әрекет стилі шабуылды PKK-ның жасау ықтималдығы жоғары екенін көрсетеді. Тексеру аяқталып, басқа дәлелдер нақтыланған соң, нақты ақпаратпен бөлісетін боламыз", – деді ол.

Фото: ND Haber

Оқиғаның артынан Түркияның әділет министрі Тунч прокурорлардың жан-жақты тергеу бастағанын хабарлады. Тергеу жұмыстары басталғаннан кейін Түркияда аталмыш шабуыл туралы ақпарат таратуға заң жүзінде шектеу қойылып, İnstagram, Telegram, Facebook әлеуметтік желілері бұғатталған. 

Түркия президенті Тайып Ердоған теракт кезінде Ресейдің Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС конференциясында болған. НАТО, АҚШ, Еуроодақ және Ресей шабуылды айыптады.

Террорлық шабуылға кім жауапты?

Фото: Ашық дереккөздерден алынды

25 қазан Күрдістан жұмысшы партиясы (PKK) ұйымы Анкарадағы теракті өз мойнына алды.

TUSAŞ-қа жасалған лаңкестік шабуылды ұйымдастырғандардың біреуі әйел екіншісі ер адам екені анықталды. Шабуылды жасаған террористердің PKK террор ұйымы мүшелері Мине Севжин Алчичек және Рожгер лақап атты Али Өрек екені анықталды.

Сонымен қатар, шабуыл нәтижесінде қаза тапқан бес адамның де есімдері белгілі болды. Шабуыл кезінде TUSAŞ-та сапа бақылау офицері болып жұмыс істеген Дженгиз Кошкун, инженер-механик Захиде Гүчлү, қызметкер Хасан Хүсейн Канбаз, қауіпсіздік қызметкері Атакан Шахин Ердоған және такси жүргізушісі Мұрат Арслан көз жұмды.

Түрік әскери ұшақтары Ирактың солтүстігіндегі нысандарына әуе операциясын бастады

Түркия қорғаныс министрлігі 24 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 23:30-да Ирактың солтүстігінде PKK және басқа да лаңкестік топтардың нысаналарына әуеден соққы жасағанын хабарлады. Операцияның мақсаты лаңкестерді залалсыздандыру және бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік күштеріне қарсы лаңкестік әрекеттердің алдын алу болды, деп атап өтті министрлік.

Мәлімдемеде операция нәтижесінде лаңкестер пайдаланған үңгірлер, жасырыну орындары, қоймалар және басқа да нысандарды қамтитын 34 нысанның жойылғаны хабарланды.

Түрік әуе күштері Хакурк, Гара, Кандил және Синджар аймақтарында террористтік нысандарды жойған.

"Түрік қарулы күштері бұрынғыдай лаңкестер жойылғанға дейін терроризммен күресті жалғастырады. Бұл операция барысында бейбіт тұрғындарға, достық күштерге, тарихи-мәдени құндылықтарға, қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін барлық шаралар қабылданды", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, TUSAŞ – Түркияның ең ірі аэроғарыш өнеркәсібі өндірушісі болып табылады, қазіргі уақытта оқу-жаттығу техникасын, жауынгерлік және азаматтық тікұшақтарды шығарумен айналысады. Сондай-ақ Түркиядағы ең алғашқы жергілікті әскери ұшағы KAAN-ды жасап жатыр. Түркия қарулы күштері қоры мен үкіметінің меншігіндегі бұл мекемеде 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Израиль Иранға әуе шабуылын жасады

Фото: Reuters

Израиль Иранның әскери нысандарына зымырандық соққылар жасалды.

"Ирандағы режимнің Израильге қарсы үздіксіз шабуылдарына жауап ретінде Ирандағы әскери нысандарға дәл соққылар жасалды”, – деп хабарлады Израиль әскері.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Тегеран маңында жарылыс болғанын хабарлады.

БАҚ-тың хабарлауынша, Израильдің соққыларының негізгі нысанасы Иран қорғаныс өнеркәсібінің орталық әскери нысандары, соның ішінде зымыран зауыттары, пилотсыз ұшақтарды дайындау және өндіру нысандары және баллистикалық зымырандарды ұшыру базалары болып табылады.

Ирандық барлау өкілдері қатты жарылыс дыбыстары Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің іске қосылуымен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

ВВС парсы қызметі Тегерандағы куәгерлерге сілтеме жасай отырып,  жергілікті уақыт бойынша 2:13-те Иран астанасы маңындағы Хомейни халықаралық әуежайы аймағында жарылыс болғанын хабарлады.

Иранның азаматтық авиация ұйымының өкілі Иранның барлық бағыттардағы рейстердің келесі ескертуге дейін тоқтатылғанын айтты.

Қытай соғысқа дайындық бастады

Фото: depositphotos.com

18 қазанында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қытай Халық азаттық армиясының (ҚХА) зымырандық күштерінің бригадасын, әскерилерді соғысқа дайындықты күшейтуге шақырды.

"Әскерилер соғысқа дайындықты жан-жақты күшейтіп, сенімді жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуі керек", – деп атап өтті Си Цзиньпин.

Си Цзиньпин сондай-ақ қытайлық сарбаздар "стратегиялық тежеу ​​мен жауынгерлік қабілеттерін нығайтуы қажет" екенін айтты.

Бұл мәлімдеме Қытай әскері “өз территориясы” деп санайтын Тайвань маңында ауқымды жаттығулар өткізгеннен кейін жасалды. 14 қазанда Қытай армиясы Тайвань маңындағы суларда "2024В Бірлескен қылыш" атты әскери жаттығу өткізді. Қытай армиясының аға полковнигі Ли Си бұл жаттығу Тайвань тәуелсіздігіне ұмтылған "сепаратистік күштерге қуатты тосқауыл" ретінде жасалғанын мәлімдеді.

"Тайвань жойылып кетуі мүмкін"

Тайвань билігі Қытайдың бұл әскери жаттығуларын арандатушылық деп атады. Жаттығу кезінде аралдың әуе қорғаныс аймағына 90 ұшақ, тікұшақ және пилотсыз ұшақтар кірген.

Қытай мемлекеттік кеңесінің Аралдар істері басқармасының төрағасы Чен Бинхуа Тайвань Қытаймен қақтығыс өршіп кетсе, "жойылып кетуі мүмкін" екенін ескертті.

"Біз күш қолданудан қашпаймыз. Тайваньның қанша әскер немесе қару-жарақ сатып алғаны маңызды емес, сыртқы күштердің араласуы да шешуші фактор бола алмайды. Егер Тайвань тәуекелге барса, бұл оның жойылуына әкеледі", – деді ол.

Айта кетейік, Тайвань мен Қытай 1949 жылы азаматтық соғыс кезінде бөлінген. Қытай "бір Қытай" принципін ұстанып, аралды өз провинцияларының бірі ретінде қарастырады және Тайваньның тәуелсіздігін мойындамайды. Осыған дейін АҚШ президенті Джо Байден Қытайдан ықтимал шабуыл жағдайында аралды қорғауға бірнеше рет уәде берген.

Беларусьта сайлау өтеді

Фото: pixabay.com

2025 жылдың 26 қаңтарында Беларусьта жетінші президенттік сайлау өтетіні белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы мұны сайлау өткізудің оңтайлы мерзімі деп көрсетіп, Конституция мерзімінен бұрын сайлауға тыйым салмайтынын айтқан.

"Негізгі заң сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге тыйым салмайды, белгіленген мерзімнен кеш өткізуге тыйым салады. Біздің ойымызша ең дұрыс уақыт таңдалды”, – деді Орталық сайлау комиссиясының басшысы Игорь Карпенко.

Оппозиция өкілдері бұл сайлауды заңсыз деп атап, белорустарды барлығына қарсы дауыс беруге шақырып отыр. Олар елде демократиялық таңдаудың мүмкін еместігін және саяси дағдарыстың тереңдеп жатқанын алға тартады.

Оппозицияның пікірінше, Лукашенконың Кремльдің қолдауына сүйене отырып билікті сақтап отырғаны беларусь қоғамына қысым жасауда.

Лукашенко өз кандидаттығын ұсынбақ

Фото: Global Look Press

Беларусь президенті Александр Лукашенко сайлауға қатысатынын растады.

Ресейдің "Россия-1" телеарнасының "60 минут" бағдарламасында ол өз кандидаттығын ұсынатынын мәлімдеді.

Беларусь және Ресей билігінің өкілдері сайлаудың ашық әрі тыныш өтетініне сенімді екендіктерін білдірді. Мысалы, Одақтың Мемлекеттік хатшысы Дмитрий Мезенцев сайлауды Беларусь халқының бірлігін және Ресеймен өзара әрекеттесуін нығайтатын оқиға деп атады.

Лукашенконың президенттік мерзімінің ұзақтығы және оның билікке қайта ұмтылысы қоғамда саяси пікірталас тудырып, елде еркін және әділ сайлау мүмкіндігіне қатысты күмән туғызуда.

Айта кетейік, бұл Беларусь тарихындағы жетінші президент сайлауы болмақ. Алғашқы президент сайлауы 1994 жылы өткізіліп,  Александр Лукашенко жеңіске жеткен еді. Содан бері мемлекет басшысы өзгерген жоқ. Беларусь президенті бес жыл мерзімге сайланады.

Ливанда үш журналист Израиль шабуылы кезінде қаза тапты

Фото: Reuters

Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі Хасбая қаласындағы қонақ үй резиденциясына жасаған шабуылы кезінде үш журналист қаза тапты.

Олардың қатарында екі оператор мен бір техник бар.

Ираншыл Al-Mayadeen агенттігінің операторы Ғассан Наджар мен инженері Мохамед Реда, сондай-ақ Хезболлаға тиесілі Al-Manar телеарнасында жұмыс істеген оператор Виссам Касем қаза тапқан.

Хасбаяда эвакуация жасау туралы хабарландыру болмағаны белгілі болды. Шамамен сағат 4:00-де Израиль мен Хезболла тобы арасындағы қақтығыс туралы хабар тарататын журналистер тұратын виллалар кешеніне не әуе шабуылы, не пилотсыз ұшақпен соққы берілген.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Қыркүйек айының соңынан бері Израиль Ливанның оңтүстігі мен Бейрутке белсенді түрде әуе шабуылдарын жасап, Хезболла ұйымының инфрақұрылымын қиратуда. Израиль қорғаныс күштері де Ливанның оңтүстігіндегі шекаралық аймақтағы көлік нысандарына қарсы жерүсті рейдтерін бастағанын хабарлады.

Иран шығыс шекарасына қабырға салуды бастады

Фото: AP 

Иран билігі қауіпті азайту үшін шығыс шекарасында қабырға салуға кірісті.

"Әскери және қауіпсіздікті бағалауға сүйенсек, ең проблемалы аймақтар Пәкістан және Ауғанстан шекаралары болып табылады, олар Иранға есірткі тасымалының 80% құрайды", – деді генерал Ахмад Али Гударзи.

Ол жобаның мақсаты жанар-жағармай мен тауар контрабандасының алдын алу және заңсыз көші-қонға қарсы тұру екенін түсіндірді. Оның айтуынша, қазір Систан мен Белуджистан провинциялары мен Разави Хорасанда қабырғалардың құрылысы басталып кеткен. Келесі кезең – Илам, Күрдістан және Батыс Әзірбайжан провинцияларында батыс шекараларды нығайту болады деді ол.

Генерал жобаны қаржыландыруға кепілдік берілгенін, мәселе құрылыс алаңдарына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу екенін атап өтті.

Қыркүйек айында Тегеранның Ауғанстанмен шекарадағы қабырғаның 10 шақырымдық бөлігінің құрылысын аяқтағаны хабарланған еді.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Тегеран Ауғанстанмен шекараны нығайту қажеттігі туралы 2023 жылдың мамыр айында ирандық шекарашылар мен Талибан қозғалысы әскерлерінің арасында болған қақтығыстан соң ойлана бастаған.

Ливаннан ұшырылған пилотсыз ұшақтардың бірі Нетаньяху резиденциясының жанындағы ғимаратқа соғылды

Фото: Reuters

Ливаннан ұшырылған пилотсыз ұшу аппараты Израильдің солтүстігіндегі Кесария қаласында орналасқан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху резиденциясының маңындағы ғимараттардың біріне соғылды.

Израиль әскері мәлімдемеде үш пилотсыз ұшақтың Ливаннан ұшырылып Израильдің әуе кеңістігін бұзғанын, оның екеуінің жойылғанын хабарлады.

Анықталғандай, пилотсыз ұшақ Кесария қаласындағы ғимараттардың біріне соғылған.

Израиль полициясының мәлімдемесінде пилотсыз ұшақпен болған оқиғадан кейін аймаққа полиция бөлімшелері орналастырылып, жарылғыш заттарды анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылған.

Сонымен қатар, Израиль полициясы Нетаньяху резиденциясының периметрі бойынша көптеген полиция қызметкерлерін шоғырландырды және аймаққа апаратын барлық кіретін және шығатын жолдарды жауып тастады.

Оқиға кезінде Нетаньяху мен оның әйелі үйде болмаған және ешкім зардап шеккен жоқ, делінген хабарламада.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда Нетаньяху резиденциясының маңында медицина қызметкерлерінің көліктері мен полицияның шоғырланғанын көруге болады.

Ливандық Хезболла қозғалысы бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Талқылау