Еуропаның төрт елінің басшысы Киевке атысты тоқтату мәселесін талқылау үшін келді
Фото: reuters.com
10 мамырда Киевке Германияның жаңа канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Польша премьер-министрі Дональд Туск келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Политика страны” Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Киевте "қалаулылар коалициясының" саммиті өтеді. Оның барысында ел басшылары 30 күндік атысты тоқтату мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Ресей ұсыныстан бас тартса, АҚШ пен Еуропа жаңа санкциялар енгізуді жоспарлап жатыр.
Германия канцлері Мерц Ресейге қарсы санкциялардың қатайтылатынын және Украинаға саяси, қаржылық және әскери жағынан ауқымды қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Bild порталына берген сұхбатында Мерц АҚШ пен Дональд Трамптың жеке өзі бұл тәсілді қолдайтынын және Путинге "шыдамайтынын" айтты.
Канцлердің пайымдауынша, қазір еуропалық одақтастар мен АҚШ арасында "таңқаларлық жоғары деңгейдегі келісім" бар. Ал Путинмен жеке келіссөздер туралы сұраққа Мерц жалтара жауап берді.
"Егер қажеттілік туындаса, бұл соғысты тоқтатуға көмектесетін болса, көп нәрсеге дайынмын. Бірақ алдымен атысты тоқтату мақсатына қол жеткізе алатынымызды нақтылауымыз керек", – деді ол.
Эммануэль Макрон да осыған ұқсас ұстанымын білдірді. Ол егер Мәскеу 30 күндік атысты тоқтату шарттарын қабылдамаса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакеті бірнеше күн ішінде енгізілуі мүмкін екенін айтты.
"Біз алдағы күндері жаңа санкциялар пакетін енгізуіміз мүмкін", – деді Макрон LCI телеарнасына берген сұхбатында.
Ал Кремль еуропалық саясаткерлердің мәлімдемелеріне жауап беріп, "Ресей санкцияларға үйреніп қалғанын” мәлімдеді.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
