Еуропада рекордтық аптап ыстықтан 1300-ден аса адам көз жұмды

Еуропада бұрын-соңды болмаған аптап ыстық салдарынан 1300-ден астам адам қаза тауып, бірнеше елде температуралық рекордтар жаңарды. Мамандар мұндай экстремалды құбылысты климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропа тарихындағы ең күшті аптап ыстықтың құрсауында қалды. Құрлықтың көптеген елінде ауа температурасы бұрын-соңды тіркелмеген деңгейге жетіп, ыстық толқыны шығысқа қарай Балқан түбегі мен Украинаға жылжып келеді.
Метеорологтардың мәліметінше, аптап ыстықтың басты себебі "омега-блок" деп аталатын атмосфералық құбылыс. Осы кезде Солтүстік Африкадан келген ыстық әрі құрғақ ауа жоғары қысым аймағында ұзақ уақыт тұрып қалады. Соның салдарынан кей өңірлерде температура маусымдық нормадан 18°C-қа дейін жоғарылаған. Сарапшылар Еуропаның мұндай ыстыққа бейімделуі қиын екенін айтады, өйткені тұрғын үйлердің шамамен 20%-ында ғана кондиционер бар.
Бұл соңғы екі айдағы Еуропаны шарпыған екінші ірі аптап ыстық. Алғашқысы мамыр айының соңында басталып, бірнеше адамның өмірін қиған еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 21 маусымнан бері аптап ыстыққа байланысты 1300-ден астам артық өлім тіркелген. Қаза болғандардың арасында жабық көлікте қалып қойған балалар мен ыстықтан құтылу үшін суға түсу кезінде көз жұмған жастар да бар.
Ең көп зардап шеккен елдердің бірі – Франция. Елдің Денсаулық сақтау агенттігі 24 маусымнан бері шамамен мыңға жуық қосымша өлім жағдайын тіркеген. Қайтыс болғандардың басым бөлігі 65 жастан асқан азаматтар. Сонымен қатар Францияда маусымның ортасынан бері ондаған адам суға кеткен. Осындай қайғылы оқиғалардың бірі кезінде Францияның екінші лигасында өнер көрсеткен футболшы Кензо Кис Рона өзенінде суға батып қаза тапты.
Ғалымдар мұндай ерте басталған аптап климаттың өзгеруінсіз болуы мүмкін емес екенін айтып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Еуропаның әлемдегі ең жылдам жылып жатқан құрлық екенін және мұнда температураның көтерілу қарқыны жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін мәлімдеді.
Өткен демалыс күндері бірнеше мемлекетте тарихи температуралық рекордтар жаңарды. Чехияда ауа температурасы 41,9°C-қа жетсе, Германияда 41,7°C тіркелді. Польшада 40,5°C, ал Испанияның Кантабрия өңірінде 43,7 градус ыстық болып, бұл аймақтағы барлық уақыттағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді. Сондай-ақ Ұлыбритания мен Швейцарияда да маусым айына қатысты жаңа рекордтар орнады.
Аптап ыстыққа байланысты бірқатар елдің билігі шектеу шараларын енгізді. Парижде қоғамдық орындарда алкоголь ішуге уақытша тыйым салынып, бірқатар бұқаралық іс-шара кейінге қалдырылды. Эйфель мұнарасы мен Лувр жұмыс уақытын қысқартты. Берлинде тұрғындарды салқындату үшін полиция бірнеше күн қатарынан су шашатын арнайы техниканы пайдаланды. Ал Бельгияда Ватерлоо шайқасын қайта жаңғырту шарасы қауіпсіздік мақсатында тоқтатылды.
Қазіргі таңда аптап толқыны Балқан елдері мен Украинаға қарай жылжып барады. Венгрия, Сербия, Румыния, Хорватия, Австрия және Украинаның батыс өңірлерінде ауа температурасы 35°C-тан жоғары болады деп күтілуде. Босния мен Албанияның кей аймақтарында 40°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.
Украинада жағдайды соғыс салдарынан зақымданған энергетикалық инфрақұрылым күрделендіріп отыр. Елдің бірнеше өңірінде электр энергиясын тұтынуға уақытша шектеулер енгізілген. Энергетика саласының мамандары жоғары температура электр желілеріне түсетін жүктемені арттырып жатқанын мәлімдеді.
Мамандардың болжамынша, алдағы бірнеше күнде аптап ыстық Түркия мен Орталық Азия бағытында жалғасады. Балқан түбегінде температура сәл төмендегенімен, қалыпты деңгейден жоғары болып қала береді.
Климатологтардың айтуынша, мұндай экстремалды ыстық толқындары жаһандық климаттың өзгеруінің айқын салдары. Соңғы 50 жылда Еуропадағы орташа температура шамамен екі °C-қа көтерілген. Сарапшылар мұндай құбылыстар алдағы жылдары жиілей түсетінін ескертіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Францияда аптап ыстыққа байланысты бірқатар шектеу енгізілді. Парижде және 30-дан астам қалада ауа райына байланысты ескерту жарияланып, далада алкоголь ішуге тыйым салынды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін саябақтар түні бойы ашық қалдырылды. Қатты ыстық салдарынан пойыздар мен мектептердің жұмысына да әсер етіп, билік қосымша шаралар қабылдап жатыр.
Оқыңыз