Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Етке миллиондаған қаржы керек": Еттің қымбаттауы зообақтар үшін үлкен мәселеге айналды

Еттің қымбаттағаны зообақтарда да үлкен мәселеге айналайын деп тұр. Мәселен, Қарағандыдағы хайуанаттар бағының қызметкерлері аңдарды қоректендіру үшін миллиондар жұмсап, етке тапсырыс берген. Бірақ тонналаған ірі қара еті жыл соңына дейін жетпей қалуы мүмкін дейді. Сондықтан олар зообақ ішінде ұсақ малды өздері бордақылап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

зоопарк

Алматы мен Шымкент хайуанаттар бағы еттің қымбаттағанына қарамастан қомақты қаржыға етке тапсырыс берген. Биыл Қарағанды хайуанаттар бағы жыртқыштарды қоректендіруге 59 миллион теңге қарастырып отыр. 

Алпыстан астам жыртқыш аң, қырықтан көп жыртқыш құс асырайтын зообақ 17 тонна ірі қара мал, 12 тонна жылқы еті мен 10 тонна тауық етіне тапсырыс беріпті. Бірақ зообақ қызметкерлері бұл азық жетпейді деген күдікпен, өздері қосымша ұсақ малды бордақылап жатыр екен. 

"Әрине, әсер етіп жатыр ет қымбаттығы. Бірақ біздің өзіміздің хайуанттар бағында азықтандыру бөлімі бар. Онда өзіміз қойлар сатып алғанбыз. Ешкілер бар солардың ұрпақтарын өзіміздің малдарға қосымша азық ретінде беріп отырамыз", – дейді Қарағанды қаласы мемлекеттік хайуанаттар бағының ғылыми қызметкері Ербол Тасболатұлы.

Ал 820 бас жыртқышы бар Алматы зообағы биыл 106 миллион теңгедан астам қаржыға 63 тонна ірі қара мал етіне тапсырыс берген. Былтырға қарағанда биылғы қоректендіру бюджеті 5 миллионға артқан. Зообақ өкілдері бюджет қаржысының артуын жыртқыш аңдардың көбеюімен түсіндіреді. Сондай-ақ бұл зообақтың тек жыртқыш құстарына ғана күн сайын 74 келі ет кетеді екен. 

"Биыл жыртқыштардың саны көбейді. Сондай-ақ, жыртқыш құстар көбейді. Оларды азықтандыру керек. Олар да ет жейді. Жыртқыш құс, қолтырауындар бар. Жыртқыш аңдар күніне бір рет қоректенеді. Әр жануар әртүрлі ғой. Жолбарыстарға 12 келіге дейін беріледі", – деп мәлімдеді Алматы қаласы мемлекеттік хайуанаттар бағының бас зоотехнигі Әділ Қанапин.

Алматыдағы зообаққа қарағанда жыртқышы әлдеқайда аз Шымкенттің сұрап отырған қаржысы көп. Ондағылар 50 жыртқыш аңды қоректендіруге 116 миллион теңгеге етке тапсырыс беруді жоспарлап отыр. Әзірге мемлекеттік сатып алу порталында конкурс қана жарияланған. Оның ішінде жылқы, ірі қара мал, қой еттері бар. Зообақ өкілінің айтуынша, жыртқыш аңдарға күн сайын 200 келі ет кетеді. 

"Бізде ет жағынан қиындық жоқ. Тапсырысты орындаушылар етті уақытылы жеткізіп отырады. Біз жыртқыштарға тендер арқылы жылқы, сиыр, қой, тауық еттеріне тапсырыс беріп алдыртамыз. Арыстандар күніне 10 келі жесе, ал жолбарыстарға 12 келіден беріледі. Жазда екі келіден азайтамыз", - деді Шымкент қаласы мемлекеттік хайуанаттар бағы директорының орынбасары Зульфия Галиева.

Зообақ өкілдерінің айтуынша, оларға етті жеткізіп берушілердің көбі фермерлер. Жыл бойы тапсырыс алғандар барынша жаңа сойылған мал еттерін әкеліп береді екен.

Талқылау