Ешқашан күйеуінің көзіне шөп салмаған әйел кездейсоқ өзге азаматтан балалы болды
АҚШ-тың Юта штатында ерлі-зайыптылар ДНҚ тестін жүргізіп, кездейсоқ кенже ұлының әкесі бөтен азамат екенін біліп қалды.
Ваннер мен Донна Джонсон ұзақ уақыт бойы екінші бала сүйе алмай жүреді. 2007 жылы экстракорпоральды ұрықтандыру қызметіне жүгінуге шешім қабылдайды. Көп ұзамай ерлі-зайыптылар екінші ұлды болды. Бала туылғаннан 10 жыл өткен соң, Джонсон қызығушылық танытып, ДНҚ тестін жасауға шешім қабылдайды. Алайда бір айдан кейін алынған нәтижелер оларды таңғалдырды. Ваннер баланың әкесі емес екенін білді. Әйелі ешқашан оның көзіне шөп салмаса да, баласы екеуінің ДНҚ-сы сәйкес келмеді.
"Мен нәтижелерді оқып отырып, ұлымыздың анасы Донна екенін түсіндім. Бірақ мен әкесі ретінде көрсетілген жоқпын", – деді Ваннер.
ЭКҰ кезінде Доннаның жұмыртқасы басқа біреудің сперматозоидтарымен ұрықтандырылған екен. Содан кейін отбасы кенже ұлының биологиялық әкесін табуға шешім қабылдады және тағы бір ДНҚ тестін жасады. Ұлының әкесі Девин Макнил есімді ер адам болып шықты.
"Біз 14 жыл бұрын дәл сол күні және бір уақытта емханада болдық. Мен жатырға эмбрион жібердім, ал Доннаға жұмыртқа алу процедурасы жасалды", – дейді Макнилдің әйелі Келли.
Болжам бойынша, дәл осы кезде ерлі-зайыптылардың сперматозоидтар шатасқан.
Отбасылар репродуктивті орталыққа қарсы екі сотқа шағым түсірмекші. Олар видео байланыс арқылы үнемі хабарласа бастады, тіпті бірлесіп серуендеуге шығады.
Ерлі-зайыптылар бұл оқиға туралы балаларына айтты, олар бұл жайтқа түсіністікпен қарады.
"Менің ұлым мені бәрібір жақсы көретінін айтты", – деді Ваннер.