Ертіс өзенінде кеме капитаны суға батып кетті
Сүңгуірлер суға батқан азаматты кешеден бері іздеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ол кеме палубасынан суға құлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: yvision.kz
Қайғылы оқиға туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"8 мамыр күні сағат 23.25-те Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларын басқару басқармасына 102 операторынан “Ертіс өзенінде кеме капитаны суға батып кетті” деген хабар түсті. Оқиға Аққулы ауданының Шабар ауылы маңында болған. 9 мамырда оқиға орнына 4 сүңгуір жіберілді. Бір тәулікте іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. Оған су деңгейінің көтерілуі, қатты жел мен өзен ағыны кедергі болып отыр. Ертең таң атысымен сүңгуірлер іздеу-құтқару жұмыстарын қайта жалғастырады", – деп хабарлады департамент өкілдері.
Кеме "Қазақстан су жолдары" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына тиесілі болған. Болжам бойынша, кеме капитаны палуба үстінде тұрғанда өзенге құлап, батып кеткен.
5 мамырда Шығыс Қазақстан облысында 2 жасар бала суға батып кеткенін жаздық. Ұлан ауданы Садыр көлінде саяжай үйінің ауласында бүлдіршін ата-анасының қарауынсыз қалып, суға батып кетіпті.