Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұдырық жұмсайды деп күткен жоқпыз": Алматыдағы автобус апатының куәгерлері оқиғаның қалай болғанын айтып берді

2024 жылы 17 сәуір күні Алматы сотында адам өліміне әкелген автобустың жол-көлік оқиғасының басты куәгерлері жауап берді. Жолаушылардан жүргізуші әйелге жасалған шабуылды кім көргені сұралды. Сот отырысына қатысушылар жүргізуші шынымен соққыдан есін жоғалтты ма, жоқ па, соны анықтауға тырысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Куәгерлердің бірі сотталушының төлем кезінде қиындықтары болғанын растады. Сосын жүргізуші телефонды алып, өзі жол ақысын төлеуге тырысқанымен, нәтиже болмады. 

Ер адам сол кезде аялдамаға жетпей шығаруды талап еткен. Алайда жанжалдың соңы төбелеске ұласты. Ашуға берілген ер адам әйел жүргізушіні екі рет соққыға жыққан. Бірінші куәгер бұзақыны ұстаса, екіншісі автобусты тоқтатпақ болған. Екі куәгер де ауыр соққыдан соң әйел жүргізінің ер адамды кабинадан шығаруға болмайды деп айғайлағанын естіген. Куәгерлер “әйел сол мезетте есін жоғалтты ма?” дегенге жауап бере алмады.

Оқиға куәгері Әмірхан Шахантайдың айтуынша, ер адам мәжбүрлі түрде сыртқа шығуды сұраған. 



"Бірақ жүргізуші тоқтамай жүріп кетті. Ер адам тоқтатпасаң ұрамын деп қорқыта бастады. Әйел "егер күшіңіз жетсе, көріңіз" деп жауап берді. Біз ер адам оған жұдырық жұмсайды деп күткен жоқпыз. Бірінші соққыдан кейін-ақ бірден алға бет алдық. Сосын екінші рет соққы жасады. Сол кезде ер адамды ұстап алдым. Жүргізушінің айғайлағанын естідім: "Тежегіш, тежегіш! Оны шығармаңдар!" – деді оқиға куәгері Әмірхан Шахантай.

Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр желтоқсан айында болған еді. №47-бағыттағы автобус Райымбек даңғылының бойымен келе жатқан. Тергеушілердің айтуынша, жүргізуші әйел мен жолаушы арасында жанжал шыққан. Ер адам оны бірнеше рет жұдырықпен ұрған, кейін әйел есін жоғалтқан. Ал басқарудан шыққан автобус аялдамада тұрған жолаушыларды басып кетіп, сосын төрт көлік соқтығысты. Жантүршігерлік апаттан үш адам қаза тапты.

Талқылау