Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ене мен келін ауыз жаласып жатыр": Белгілі этнограф желіде жұрттың ашуына тиген тойдағы ерсі ырым туралы айтты

Кейінгі тәулікте әлеуметтік желіде көзге оғаш көрінетін тойдағы ырым қызу талқыланып жатыр. Аталған бейнежазбаға зер салсақ, беташар рәсімінде ене мен келін бір-біріне ернін жақындатып, кәмпитті таласа жегенін аңғаруға болады. Халықтың қытығына тиген бұл дәстүр қайдан шыққан? Stan.kz тілшісі белгілі этнограф әрі тарихшы Болат Бопайұлынан сұрап көрді.

Дүйім жұрттың ортасында ауыз жаласқан әлгі ене мен келіннің әрекетін еліміздегі танымал этнографтар да көріп, бас шайқап отыр екен.  

"Мұндай ырым-тыйым қазақта жоқ. Қазақ ежелден денсаулыққа, тазалыққа көңіл бөлген халық. Тіпті ер мен әйелдің бет сүртетін орамалын ауыстырмаған, ене мен келіннің орамалын ауыстырмаған, оны кірлетпеген. Ал ене мен келіннің кәмпит жеп жатқан видеосын бұрын мен үнді киноларынан көргенмін. Қуанышты хабар естісе, сүйінші ретінде "өміріміз тәтті, балдай болсын" деп, кәмпит беріп жатады. Соның өзгертілген түрі біздің тойымызға келіп отыр. Бұл енді дұрыс нәрсе емес. Мұндай қазақтың мәдениетіне, дәстүріне, ырым-тыйымдарына, асыл қасиетіне, ғасырлар бойы жасалған дүниесін бұзу деп қараймын. Екіншіден, бұл дем арқылы, сілекей арқылы геннің, тектің ауысуы. Үшіншіден, гигиена. Яғни денсаулыққа кері әсерін тигізеді, жұқпалы аурулар таралуы мүмкін. Ене мен келін арасында сыйластық болуы керек, перде болу керек. Мұның барлығын өздері ойдан жасап алған", – дейді Болат Бопайұлы.

Кейінгі кездері қазақтың қуанышы ерсі ырым-тыйымдардан көз ашпай тұр. Мәселен, ақ босаға аттауға тиіс келінді есіктен емес, терезеден кіргізуді әдетке айналдырғандар да бар. Мамандар мұндай ырымның жақсылыққа апармайтынын ашық айтып отыр.  

"Терезеден кіргізуге болмайды, қазақта "Ақ босаға аттады" деген өлең бар. Келін сол үйдің ақ босағасын аттаған күннен бастап оған сол үйдің шамшырағы ретінде қараған. Ал енді бір үйге екі келін түсіріп, біреуін есіктен, екіншісі терезеден кіргізгенін көрдім мен. Олай болмайды, екеуіне де ақ босаға аттатып, әдепті, тәртіпті, мәдениетті келін тәрбиелеп алуына болады. Моңғолдарда қайтыс болған адамды анасынан дәл солай келген деп, екі бүктеп терезеден немесе тесіктен шығаратын болған. Бұл жақсы ырым емес, жаман ырым. Сондықтан терезеден кіргізу деген қазақта мүлдем болмаған. Бұл да қызық үшін жасалған нәрсе. Есіктен кіргенде оң аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек", – дейді этнограф.

Сонымен қатар қазақтың көне дәстүрінде жас келін көпшілікке сәлем салатын еді, қазіргі қоғам күйеу балаларға иілтіп сәлем салдыруды құп көреді екен. Этнографтың айтуынша, бұл да дәстүрге жат дүние.  

"Иә, оны көрдім. Бір видоеда көліктен түскен күйеу баланы бір шақырым жерден үйге дейін сәлем салғызады. Келіннің сәлем салу дәстүрі тұрақтанған, бекіген. Бірақ күйеу бала сәлем салмайды қазақта. Күйеу балаға қатысты басқа дәстүр бар. Кетіп бара жатқан кезде күйеу балаға төс, асық жілік тартады. Сол кезде қыздардың сұрағына жауап бере алмаса, шапанын іліп кетеді. Ал сұрақтарына жауап берсе, балдыз қыздар қолтығынан демеп, құрметтеп атына мінгізіп қоя береді. Міне, осындай дәстүр бар", – дейді тарихшы. 

Танымал этнограф Болат Бопайұлы бұл сұхбатында мұндай олқылықтың орнын толтырып, дер кезінде дәстүрді сақтап қалудың жолын ұсынды. 

"Жалпы той мәдениеті деген қазақтың салты, дәстүрі, ғұрпы, наным-сенімі, торқалы тойы, топырақты өлімінде атқарылады ғой. Сондықтан "Тойда атқарылатын заңнама" деген сияқты заңнамалық кітап шығару керек. Оны еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі бар ғой, министр Аида Балаева бар. Солардың қолдауымен тұрақталған сөздік болу керек. Сол кезде қазақтың мәдениеті, дәстүрі, әдет-ғұрпы, дәстүрлі мәдениеті жақсы сақталады деп ойлаймын. Бұзбау керек. Сондай кітапты оқыған әр қазақ отбасы мұндай қателерге бой алдырмайды", – дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.


 

Талқылау