Ең ұзақ өмір сүрген сиам егіздері қайтыс болды
АҚШ-тың Огайо штатында ең ұзақ өмір сүрген сиам егіздері Ронни мен Донни Галион қайтыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ронни мен Донни 1951 жылы 28 қазанда дүниеге келген, 4 шілдеде 68 жасында табиғи себептермен қайтыс болды. 2014 жылы ағайындар тарихтағы ең қарт сиам егіздері болып танылды. Олар әлемдік рекорд орнатқан кезде Ронни: "Бұл Дони екеуіміздің арманымыз еді", - деді.
Егіздер белден бастап бірігіп кеткен, асқазан-ішек жолдары және жыныс мүшелері ортақ болған, алайды олардың әрқайсысында жеке жүрек, асқазан, қол-аяғы болған.
Сиам егіздерінің тоғыз ағасы мен қарындасы болды. Ронни мен Донни кішкентай кездерінен бастап, карнавал шоуларына қатысып, тапқан ақшаларымен медициналық төлемдерді жасаған. Олар 1991 жылы зейнетке шығып, 2010 жылға дейін денсаулығы нашарлағанша жалғыз тұрды. Содан кейін олар ағасы Джим мен оның әйелінің үйіне көшуге мәжбүр болды. Жүздеген еріктілер Джимнің үйінің құрылысын аяқтауға көмектесіп, сиам егіздерінің онда өмір сүруіне қолайлы болуы үшін жағдай жасаған.
Ронни мен Доннидің өмірі туралы айта отырып, Джим: "Олар ұзақ жолдан өтті және өте бақытты болды", деді.