Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада студент қызды зорлай жаздады: Куәгер оқиғаның қалай болғанын айтты

Елордада тапа тал-түсте педофил кәмелетке толмаған қызды зорламақ болды. Қаладағы білім ордаларының маңында ащы суға тойып алған 42 жастағы ер адам бойжеткенге шабуыл жасап, арам пиғылын іске асырмаққа оқталған. Тіпті, куәгерлер тәртіп сақшыларын шақырғанда, ізін суытпақ та болыпты. 

Елордада студент қызды зорлай жаздады: Куәгер оқиғаның қалай болғанын айтты

Оқиға таңғы  10-дар шамасында орын алған. Інісін мектепке әкеле жатқан бойжеткенге ер адам шабуыл жасап, зорламақ болыпты. Алайда күдіктінің ойлағаны іске асқан жоқ. Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар бойжеткенді құтқарып қалды. Ал дереу ізін суытпақ болған күдікті мектеп арқылы қашпақ та болыпты. Алайда полиция қызметкерлері оны ұстап үлгерді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».   

Бұл мектепке апаратын жалғыз аяқ жол. Басқа оқушылар сабаққа қатынайтын жер жоқ. Себебі айналаның барлығы қоршалған, құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сондықтан қорқынышты жермен балалар тұрмақ, ересектер де жалғыз жүруге жүрексінетін көрінеді. Педофилдің құрбаны бола жаздаған қыз қаладағы №83 мектепте оқиды деген ақпарат шыға сала, анықтамақ болып білім ошағына беттедік. Бірақ басшылары қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.

«Полиция қызметкерлері тұтқындады. Оқиға мектеп аумағынан тыс жерде болған. Сондықтан басшылықтың рұқсатынсыз ештеңе айта алмаймыз», - дейді мектептегілер. 

Оқиға орнына шақыртылған полиция қызметкерлері айналадағы куәгерлерден сұрау алған. Ал күдікті құрылыс нысандарының қоршауылары арқылы ізін суытпақ болған.          

«Бүгін сұмдық жайт орын алды. Ер адам тапа-тал түсте адамдардың көз алдында қызды зорламақ болды. Ащы судан ұрттап алған ер адам бойжеткенге тарпа бас салды. Абырой болғанда, сол маңдағы адамдар құтқарып үлгерді. Егер олар көмекке келмегенде не болар еді? Елестетудің өзі қорқынышты. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз», - дейді куәгер Людмила Демихова.

Кейін белгілі болғандай, бойжеткен қаладағы колледждердің бірінің 3-курсында білім алады екен. Ал қолға түскен күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. Егер қылмысы дәлелденсе, 42 жастағы ер адам 15 жылдан 17 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін.   

«Нұр-Сұлтан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 24-ші және 120-шы баптары, яғни көрнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолданып, жыныстық қатынас жасауға оқталу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша қажетті сот сараптамалары тағайындалды», - дейді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Эльмира Шауленова.

Камера алдында сөйлеуден қорыққан ата-аналар мектептің айналасы дұрыс қоршалмағандығын, құрылыс жүріп жатқан жерлерге жарық шамдары орнатылмағанын айтып, шағымдарын жеткізді. Сондықтан мектеп басшылығынан мұндай сұмдық жағдай қайталанбас үшін, қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрап отыр.

Талқылау