Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздің батыс аймағын су басса, кей өңірді құрғақшылық жайлады

Түркістан облысын құрғақшылық жайлап, шаруа қожалықтарының иелерін әлекке салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысындағы аудандардың бірінде диқандар су тапшылығынан егінсіз қалуы мүмкін. Ондаған гектар қызылша мен қырыққабат суарусыз қалды. Диқандардың ендігі үміті тек жауын-шашында.

“Егістігімізді суара алмай жатырмыз. Бәрі қурап тұр, есіл еңбек. Қырыққабат мен қызылша қарайып жатыр. Суару мәселесі бойынша су шаруашылығына хабарластық, бірақ олар көмектесе алмады. Енді егінді жаңбыр суымен ғана аман алып қаламыз”, – дейді фермер.

Келес өңірінің диқандары жақында ғана егілген қырыққабаттың қурап қалғанына алаңдаулы. Егістікті жақын арада суармаса егін мүлдем шықпауы мүмкін. Қызылша егістігі де сол жағдайда. Маусымның басталғаны жаңа, ал шығын көлемі миллион доллардан асып кетті. 

Суармалы судың бір бөлігі ауданға Өзбекстандағы канал арқылы келетін болып шықты. Канал бүлінгендіктен, суды біраз уақытқа тоқтатқан көрінеді. Қазір екі елдің мамандары шұғыл түрде ақауды қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуде.

“СТК арнасында төтенше жағдай болды. Суару органдарын шақырып, қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жөндеу жұмыстары екі-үш күнде аяқталады. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Жақында су жіберіледі”, – деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.

Талқылау