Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жүкті келіншектердің жалаңаштанып суретке түсуі сәнге айналған

Бұрын жас келін жүкті болғанда, бұл жаңалықты елден жасырып, тіпті ата-енесіне айтудан ұялатын. Бұл бір жағынан ішке біткен баланың аман-есен дүниеге келіп, келіншектің осы кезеңді оңай өткеруіне септік етеді дейтін үлкендер. Ал соңғы кездері елімізде аяғы ауыр әйелдер ішін жалаңаштап суретке түсуді әдетке айналдыра бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеп хабарлайды. 

Мұны соңғы тренд деп білген жандар жұрттан "сүйінші" сұраған фотосессия барысын желілерге жариялауды да ұмытпайды. Бұрымдылардың бұл әрекеті дұрыс па? Мамандар не айтты? 

Сәннен қалыспағандардың бірі Балнұр Қуантай.

"Біріншіден, мен ол жерде жалаңаш түскен жоқпын, ішім ашық болғаны болмаса, былай көз тиеді деген заттан біз өзіміз қорқамыз. Мен соңына дейін көрсеткен жоқпын, баланы босанып, адам болып кішкене, өзімізге келгеннен кейін ғана барып, инстаграмға салып, достарыммен жақын адамдармен бөлісіп, елге жарияладық", - дейді визажист Балнұр Қуантай.

Балнұрдың бал жайнаған жүзін көріп жолдасы да қоштай түскен. Десе де үй үлкендері жақтай қоймады. Көз бар, сөз бар дегендей. 

"Анам ренжіп қалды. Біраз уақыт сөйлескенде жоқпыз. Сол суретті көріп, фотоссессия жасаған соң сурет жіберген болатынмын. Анам маған ренжіп ұрсып, осы сендер қандай қызсыңдар деп, біраз уақыт менімен сөйлеспей қойған. Сосын барып кішкене түсініп мені, кешірді, ұнады", - дейді ол.

Иә, үлкендер үшін таңсық болуы мүмкін. Бірақ арулар үшін естен кетпес естелік. Мәселен, Жансая осыған дейін 60-қа жуық жүкті келіншекке фотосессия жасаған.

"Бұл 2018 жылдан бері Бейонсе бастағаннан әлемдік тренд болып кетті. Жүкті әйелдер осындай вок стильда дейді ғой сондай матамен или боди сондай стильда фотосессия жасағанды ұнатады", - дейді фотограф Жансая Қанайқұлова.

Дегенмен қоғам белсендісі құрсағын жалаңаштап жұрттың көзінен жасқанбайтын жастарға ренішін білдірді. Тренд деп жүріп менталитетімізден айырылып барамыз деген пайымда.

"Аяғы ауыр келіншектің қарнын ашып суретке түсуі деген, бұл енді тіптен мәдениеттің төмендігенінің бір түрі шығар. Ол бір жай үрлеп қойған қарын емес, оның ішінде ұрпақ бар ғой. Бала бар. Ол баланың келешегі бар. Ол өзін ойламаса да, баланың келешегін ойлау керек қой. Сол жалаңаш түскен сурет баланың өмірлік келешегіне балта кесуі де мүмкін", - дейді қоғам белсендісі Қарығаш Бекпатша.

Талқылау