Елімізде мерзімі бітпеген жеке куәлікті пайдалана беруге болады
Жеке куәлік өзгеріске ұшырайды деп, құжат ауыстыруға асығудың қажеті жоқ. Ішкі істер министрлігі мерзімі аяқталмаған қолданыстағы құжатты бұрынғыдай пайдалана беруге болатынын жеткізді. Азаматтың жынысы мен азаматтығы куәлік ауыстырылған кезде енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: eGov.kz
Өткен аптада ішкі істер министрлігі құжат жаңа ақпараттармен толықтырылатынын жариялаған. Қазір беткі жағында жеке куәлік иесінің фотобейнесі, аты-жөні, туған күні, жеке сәйкестендіру нөмірі мен қолтаңбасы тұр.
Ал құжаттың артқы жағында туған жері, ұлты, құжатты берген орган мен берілген күні жазылған. Енді өзгеріске сай, құжаттың бергі бетіне азаматтың жынысы туралы ақпарат, екінші бетіне штрих-код түрінде кодталған ЖСН мен азаматтығы туралы мәлімет енгізілмек.
Бұған дейін бұл деректер жеке куәліктің чипінде және кодталған түрде берілген. Ал ұлтын көрсету азаматтың қалауына байлайнысты енгізіледі. Аталған жаңашылдық мамырдың 21-іне дейін ашық талқылауда болады.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Анар Амантайқызы жеке куәліктің жаңа дизайні қандай да бір қосымша шығынды қажет етпейтінін айтты.
"Жеке куәлік алуға төленетін мемлекеттік баж мөлшері де өзгермейді. Жарамдылық мерзімі бітпеген жеке куәліктер одан әрі де жарамды болып саналады. Яғни азаматтар жарамды құжатын қолдана береді. Жаңа дизайндағы жеке куәлікті мерізімі өткен немесе басқа да себеппен ауыстырған жағдайда алады. Жаппай бір уақытта ауыстыру күтілмейді", – деді инспектор.
Еске салайық, 3 мамырда ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың жеке куәлігіне өзгертулер енгізетінін мәлімдеді. Ол Ашық НҚА порталындағы құжат жобасынан белгілі болды. Атап айтқанда, жеке куәлікте енді жынысы мен азаматтығы туралы мәлімет беріледі.