Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елена Рыбакина "Үлкен Дулыға" турнилеріне бойкот жариялау бастамасын қолдады

Елена Рыбакина
Фото: instagram.com/lenarybakina

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина басқа ойыншылармен бірге Roland Garros турниріне қатысудан бас тартуы мүмкін екенін айтты. Спортшы жүлде қорының бөліну жүйесіне көңілі толмайтын теннисшілердің бастамасын қолдап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Испаниялық Punto de Break интернет-порталы Roland Garros төңірегіндегі дау Арина Соболенко мен Коко Гауффтың мәлімдемелерінен кейін күшейе түскенін жазды. Ойыншылар теннисшілер турнир табысының шамамен 14%-ын ғана алатынын әділетсіз деп санайды.

Римдегі WTA турнирі басталар алдында өткен баспасөз мәслихатында Рыбакина теннистегі мәселелер көп жылдан бері талқыланып келе жатқанын, бірақ елеулі өзгерістер болмағанын айтты.

“Егер көпшілік турнирге бойкот жариялау туралы шешім қабылдаса, әрине, мен де қосыламын”, – деді қазақстандық спортшы.

Спортшының айтуынша, мәселе тек “Үлкен дулыға” турнирлеріндегі жүлде қорымен шектелмейді. Ол теннисшілердің жоғары салық төлейтінін, соның салдарынан табыстың едәуір бөлігі мемлекетке кететінін атап өтті.

 “Көбірек табыс табуға болады, бірақ оның басым бөлігі салыққа кетеді”, – деді ол.

Сондай-ақ теннисші топырақ төсенішіндегі маусымға дайындығы туралы айтты. Оның сөзінше, Римдегі корттар Мадридтегі корттардан айтарлықтай ерекшеленеді: доп баяу ұшады, ал төсеніш жұмсағырақ сезіледі.

Бұдан бөлек, Рыбакина кейінгі күндері аллергия мазалап жүргенін жеткізді. Осыған байланысты оның командасы жаттығу процесін күн сайын дерлік өзгертіп отыруға мәжбүр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 18:26