Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елена Рыбакина "Уимблдоннан" кейін алғаш рет жеңіске қол жеткізді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA-1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото ©️ Reuters

Қазақстандық теннисші алғашқы айнылымда әлемнің 47-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, Елена 2020 жылы Римде (7:5, 7:6), биыл Аделаидада (Аустралия) 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Елена Рыбакина сәттірек ойнады – 7:5. Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте М.Боузкова брейк жасап кетті – 6:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді – 6:6.

Тай-брейк Боузкованың пайдасына шешілді – 7:6 (7:3). Үшінші, шешуші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бастады – 1:0. Қазақстандық спортшы матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Үш сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 6 эйс жасап, 22 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина екінші айналымда қос америкалық, әлемнің 11-ракеткасы Кори Гауфф немесе рейтингте 64-сатыда тұрған Мэдисон Бренглдің біреуімен кездеседі.

Осылайша, Елена Рыбакина Уимблдонда чемпион атанғаннан кейінгі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Бұдан бұрын Сан-Хосе WTA-500 (АҚШ) жарысының бірінші айналымында ресейлік Дарья Касаткинаға жол берген еді.

Талқылау