Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елде енді ең төменгі күнкөріс деңгейі жаңа тәртіппен есептелмек

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі күнкөріс деңгейін медианалық табыс деңгейі арқылы анықтауды жоспарлап отыр. Сәйкесінше орташа жалақы арқылы есептеледі. Нәтижесінде елде белгіленген кедейлік шегі өсуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  


Ресми статистикаға сүйенсек, елде белгіленген кедейлік шегі халықаралық стандарттардан айтарлықтай төмен. Сондықтан үкімет жаңа жүйеге көшпек. 

“Осы медианалық табысқа көшкенімен, министрлік медианалық табыстың қандай бөлігі есептелетінін айтқан жоқ. Дегенмен бұған өткен кезде кедейлік шегінің мөлшері ұлғаятыны анық және де әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілетіндердің саны артады”, – деді сарапшы Санжар Қалдаров. 

Ал экономистер ең төменгі жалақыдан да аз айлық алатын жандардың да за емесін айтады. Мәселен, былтыр олардың саны бір миллионнан асқан. Сондықтан күнкөріс деңгейін есептегенде халықтың басқа да қажетін ескерген жөн дейді. 

“Күнкөріс деңгейін санағанда адамға күн көру үшін тек тамақ пен киім ғана керек емес. Оның, әрине, әлеуметтік-мәдени қажеттігі бар. Сондай мәселелерді де ескеріп отыру қажет. Ол үлкен кісіге де, әйел адамға да, балаға да қатысты. Осыны есепке қосу керек. Бала-шағасы болса, азаматтардың тамағы бар, киетін киімі бар, коммуналдық төлемдер бар деген сияқты. Ал 85 мыңға күн көру мүмкін емес. Бұл – ең төменгі жалақы. Ал ең төменгі күн көру деңгейі 48 мың. Енді жоқтан бар дегені үкіметтің”, – деді экономист Меруерт Махмұтова. 

Айта кетейік, былтыр медианалық табыс жан басына шаққанда жетпіс үш мың теңге болған. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылдың маусымында 49 168 теңге болды. Сарапшылар ең төменгі күнкөріс деңгейін жаңаша есептеу кедейшілікпен күресуге сеп болады дейді. 

Талқылау