Екібастұзда ер адам терезе жақтауында отырған баланы құтқарып қалды

Павлодарда 59 жастағы ер адам терезе жақтауында отырған баланы құтқару үшін екінші қабатқа өрмелеп шықты. Ер адамның баланы құтқарған сәті әлеуметтік желіде тарап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үлкен ұлының үйіне қонаққа келген ер адам сыртта немересімен ойнап жүріп, екінші қабаттың терезесінде кішкентай баланың отырғанын байқаған. Оның айтуынша, бала терезеден ойыншықтарын лақтырып отырған.
“Басында үйге кір дедім. Бірақ тыңдамады. Оның кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін деп балаға қарай жүгірдім”, – дейді Тоқан Байділдин.
Ол бірінші қабаттағы терезенің темір торымен екінші қабатқа өрмелеп шығып, баланы ұстап қалды. Кейін үйдегі ересектерден баланы алып кетуін сұраған. Баламен бірге үйде анасы болған. Ол сол сәтте басқа жұмыстарымен айналысып жүрген. Ер адамның айқайынан кейін ол жүгіріп келіп баланы алып, терезені қайта жауып қойған.
Ер адамның айтуынша, оның бар ойы баланы ұстап үлгеру болған.
“Әр секунд маңызды еді. Оның үстіне бала тым кішкентай еді. Өзімнің үш немерем бар, өз баламдай қорықтым. Өзімді ойлап тұруға уақыт болмады”, – дейді ер адам.
Енді баланың ата-анасы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға шақырылады. Екібастұз әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, істі қарау нәтижесінде ата-аналарға қатысты тиісті шаралар қабылданады.
Тоқан Байділдин жергілікті кәсіпорындардың бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Биыл ол 60 жасқа толады.
"Оның реакциясы өте жылдам, әрдайым жинақы әрі мұқият. Әр қадамын алдын ала есептеп отырады. Меніңше, дәл осы қасиеттері оған жағдайды тез бағалап, баланы құтқаруға көмектесті", – деді ер адамның келіні Салтанат Байдильдина.
Жастау кезінде павлодарлық азамат футбол, волейбол және тенниспен айналысқан. Қазір де дене қалпын сақтау үшін ұйықтар алдында үнемі серуендейді.
Балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенева өз парақшасында 2025 жылға қатысты статистиканы жариялады. Оның мәліметінше, көпқабатты үйлердің терезесінен 17 бала құлап кеткен, оның 4-еуі қайтыс болған.
“Ата-аналар, есте сақтаңыздар, әр балаға жанашыр, бейжай қарамайтын адам кездесе бермейді", – деді ол.