Екі күнде Қала күніне арналған мерекелік іс-шараларға 1 миллионнан астам тұрғын қатысты
19–20 қыркүйек күндері Алматыда Қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Бағдарламаға қаланың басты алаңдарында, сондай-ақ барлық 8 аудан аумағында ұйымдастырылған концерттер, фестивальдер, көрмелер, спорттық және шығармашылық жобалар енді. Екі күн ішінде мерекелік шараларға 1 миллионнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысты.
Осы күндері Абай алаңында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен салтанатты концерт өтіп, “Алматы қаласының Құрметті азаматы” атағын табыстау рәсімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар фольклорлық-этнографиялық “Сазген сазы” ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері, ASU тобы және “Алатау” дәстүрлі өнер театры өнер көрсетті. Кеш барысында пианист Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA концерттік бағдарламаларын ұсынды. Мерекенің ерекше оқиғаларының бірі танымал халықаралық балаларға арналған D Billions музыкалық шоуының өнер көрсетуі болды. Оны мыңдаған бала ата-аналарымен бірге тамашалады.

Астана алаңында күндізгі концерттік бағдарламалар, “Almaty Vibes” музыкалық фестивалі және “Almaty Zhuldyzy” концерттік бағдарламасы өтті. Сахнада еліміздің танымал жұлдыздары өнер көрсетті. Кештің басты оқиғасы Алматы қаласының қалыптасу тарихына арналған, заманауи визуалды технологиялар мен музыкалық сүйемелдеуді үйлестірген әсерлі 3D Mapping Show болды.

Мерекелік бағдарламаның маңызды оқиғаларының бірі дәстүрлі Алма жәрмеңкесі болды. Екі күн ішінде жергілікті өндірушілер мен шаруа қожалықтары ұсынған алманың 50-ге жуық түрі сатылып, жәрмеңкеде 250 тоннадан астам алма өткізілді.

Мерекенің тағы бір айтулы оқиғасы – Масанчи көшесінде, Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі аралықта Алматыдағы алғашқы гастрономиялық көшенің ашылуы болды. Жаңа кеңістік қоғамдық тамақтану орындарын, қалалық инфрақұрылымды және заманауи қоғамдық кеңістікті біріктіріп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартылыс нүктесіне айналды.

Масанчи көшесіндегі гастрономиялық көшенің ашылуы Алматыда мамандандырылған гастрономиялық көшелер желісін қалыптастыру жобасының бір бөлігі болып табылады. Жаңа форматтағы кеңістік тұрғындар мен туристерге заманауи қалалық гастрономияның алуан түрімен танысып, жайлы ортада уақыт өткізуге және Алматының орталық көшелерінің жаңа қырын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мерекелік бағдарлама Алматының барлық 8 ауданын қамтыды. Тұрғындар үшін концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер, шеберлік сабақтары, отбасылық және балаларға арналған іс-шаралар, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени жобалар ұйымдастырылды.
Осылайша, Алматыдағы Қала күні түрлі жастағы тұрғындар мен қала қонақтарын біріктірген ауқымды мерекеге айналды. Екі күн бойы қаланың түрлі алаңдарында музыка, ұлттық мәдениет, заманауи өнер, әдебиет, спорт және отбасылық демалыс бағыттары қамтылып, тұрғындар мен қонақтарға мазмұнды әрі жарқын мерекелік бағдарлама ұсынылды.

"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты