Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі айға 595 миллион теңге: Астанада инватакси жобасына бөлінген қаржы қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды

Астанада "Яндекс Go" сервисі арқылы инватакси ұсыну бойынша пилоттық жоба басталған. Тегін қызмет кейбір санаттағы ерекше қажеттілігі бар адамдарға ғана қолжетімді. Екі айлық пилоттық жобаға 595 млн теңге бөлінгені қоғам белсенділерінің наразылығын туғызды. Олар жобаның олқылықтарын айта отырып, қаржы өзгелердің қалтасына кете ме деп алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

яндексПилоттық жоба Астанада шілде және тамыз айларында жұмыс істейді. 

Қызмет барлық ерекше қажеттілігі барларға арналмаған. Ол үшін мүгедектер арбасын пайдаланбайтын және инватакси қажеттілігі туралы медициналық қорытындысы бар астаналық ересек болу қажет. Сондай-ақ орындықтарын бүктеп, көліктің жүксалғышына қоюға болатын арбасы бар адамдарға қолжетімді. Ал арбалары жиналмайтын мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетілмейді. 

Биыл инватакси қызметтеріне елорда бюджетінен 595 млн теңге бөлінген, оның ішінде пилоттық жобаны іске асыру үшін 2 млн теңге бөлінді. Жоба жеткізушісі “Общество детей-инвалидов Астаны” Яндекспен келісімшартқа отырады. Айтуларынша, жобаға 20 адам қамтылады деп жоспарлануда. "Яндекс Go" қосымшасында "Инватакси" опциясы пайда болады және оны тек тізімге енгізілген пилоттық жобаның қатысушылары ғана көре алады. 

Ерекше қажеттілігі бар қоғам белсендісі Арай Ордабаева бұл мәселені өз Facebook парақшасында көтеріп, есептің дұрыс емес екеніне назар аударды.

“Екі айға 595 миллион бөлінсе, демек күніне 9,9 млн теңге кетеді. Астанада жоспар бойынша 20 адам қамтылса, әрқайсысына бір күнге 496 мың теңгеден кетеді. Таксиге осынша қаржы қажет пе екен?! Бір адам 198 рет қаланың ішінде такси шақыра алады ма?”, – делінген постта.

Ол, сондай-ақ, инватакси талаптарына, соның ішінде мүгедек арбаға таңылған адамдарды тізімге қоспағанына наразы.

Желі қолданушыларының бірі Елена Вогонова бұл қызметті мүгедек арбасы жоқтар да қолдана алмай жүргенін айтты. 

“Астанадағы 1-топ мүгедегі де бұл қызметке қол жеткізе алмай жүр. Өйткені медициналық қорытындыны алу үшін ауруханаға бару керек. Ал ол инватакси қызметін қолжетімді ететін мед.қорытындыны алу үшін ерекше адам арбада болу керек немесе ол жеке көмекшіні расымен қажет етуі керек деді”, – деп жазды ол.

“Өкінішке қарай, мұндай тәсілмен делдал арқылы қызмет көрсету – бұл жай ғана бизнес және ерекше қажеттілігі барлардың арқасында қаржы табу. Мүгедектігі бар адам үшін бір сапарға бөлінген қаражат екі сапарға немесе одан да көп жерге жетеді. Егер бұл қаражат адамның шотына тікелей бөлінсе, ол есепті өзі ұсына алар еді”, – деді ерекше қажеттілігі бар қолданушы.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Stan.kz сауалына бұл қаржы Яндекске берілмейді деп түсіндірді. Айтуларынша, Яндекс пилоттық жобаға сервистерін тегін көрсетуге дайын. 

"Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің өкілі Илья Скуб бөлінген қаржы қайда жұмсалатынын айтып берді.

“Елордада мыңнан астам адамды қамтитын бес бағыт бойынша "Инватакси" қызметінің 113 автокөлігі жұмыс істейді. Оның 16-сы – мамандандырылған автокөлік және 97 жеңіл автокөлік. Мыңның 600-ден астамы балалар”, – деді Скуб..

Ол бірнеше бағыттар мен олардың жеткізушілерін атап өтті. 

  • Мүгедек арбамен қозғалатын ерекше қажеттілігі барларға арналған 6 автокөлік. Қызмет көрсетуші: "Мүгедектік технологиясын зерттеудің инновациялық ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС;
  • Мүгедек арбамен қозғалатын ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 8 автокөлік. Қызмет көрсетуші: "Ұлттық паралимпиада комитеті" ҚБ;
  • Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 62 автокөлік. Қызмет көрсетуші : "Астана қалалық ерекше қажеттілігі бар балалар қоғамы" ҚБ;
  • Көру қабілеті нашар адамдарға арналған 20 автокөлік. Қызмет көрсетуші: "Қазақ зағиптар қоғамы" ҚБ;
  • Мүгедек арбаларды пайдаланбайтын ерекше қажеттіліг бар адамдарға (18 жастан асқан) арналған 17 автокөлік. Қызмет көрсетуші: "Астана қалалық ерекше қажеттілігі бар балалар қоғамы" ҚБ.

“Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы биыл қосымша бюджет бөле отырып, осы пилотты "Инватаксидің" барлық бағыттарына масштабтау бойынша жұмыс жүргізуде”, – деді Скуб.

Талқылау