"Достары өлімше етіп сабаған": Алматы облысының тұрғыны күйеуінің өліміне кінәлілердің жазалануын талап етеді
Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғыны Арайлым Айдарова күйеуін өлтіргендер бостандықта жүргенін айтады. Ішімдік ішіп, көңіл көтерген отырыстың арты өлімге ұласқан. Марқұмның әйелі үш күдіктінің біреуі ғана қамауға алынғанына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
18 желтоқсанда Тұзкөл ауылында отырыстан кейін 53 жастағы Қадырхан Темірғалиев көз жұмды. Әйелінің айтуынша, ауыр соққыдан марқұмның қабырғасы сынып, өкпесіне кіріп кеткен. Сараптама бойынша жарақаттық шок алған екен. Жаралы күйде үйіне өз аяғымен жеткен ол өлер алдында үш адамның атын атапты. Алайда полиция тек бір адамды күдікті ретінде танып, қалған екеуін бостандыққа жіберген. Айдарова екі ер адамның да жазасын алғанын қалайды. Кейін екеуі ауылдан қашып, тығылды дейді.
Сонымен қатар оқиға 18-і күні болғанымен, тергеу 8 күннен кейін жүргізіліпті.
“Мақсат, Жеңіс, Ақылбек және күйеуім Қадырхан төртеуі Шошай бұрышында жиналып, ішімдік ішкен. Артынша үшеуі Қадырханды сабап тастаған. Үйге үсті жалаңаш болып келді, шалбары ғана бар. Көзі, құлағы көк, басы қанталап кеткен. “Иығым, иығым” деп ойбайлап кірді. Полиция тек Жеңісті қамады, ал Ақылбекті тек куәгер ретінде ғана шақыртқан”, – деді Арайлым Айдарова.
Марқұмның ағасы Көшкімбай Темірғалиев аталмыш үш ер адамның өте тентек екенін және ауылда да бұзықтығымен танымал екенін айтады. Сөзінше, олар жұмысшыларды ұрып, артынша 600 мың теңге төлеп босап шыққан, тіпті “шөп өртеген” деген сыбыс бар.
Жәбірленушілер күдіктеніп жүрген Мақсат Бұқарбаевтың әкесі жағдай басқаша екенін айтты. Сөзінше, Мақсат, керісінше, төбелесті тоқтатпақ болып, оларды ажыратқан.
“Баламның болғанын жасырмаймын. Көрмегендіктен айту қиын, бірақ Жеңіс пен Ақылбек Қадырханға жабылып жатқан кезде ол арашаламақ болып, араға түскен. Өзі “ажыраттым” дейді”, – деп түсіндірді егде жастағы ер адам.
Ал жәбірленуші сезіктенген екінші адам Ақылбек Жазықбаев төбелес барысында болмағанын айтады.
“Кешке тауға шығып, қабан ауладық. Ол кезде Жеңіс мас болып, көлікте қалды. Одан соң Қадырханға “келін түсіргеніңді жу” деп, арақ алдық. Төрт адам болып, менің үйімде отырдық. 9-дан кейін олар кетіп қалды, мен әрі қарай бармаймын дедім”, – деді ол.
Мақсаттың айтуынша, ол жерде Жеңіс пен марқұм және өзі болды. Ол кілтін жоғалтып, соны іздеп жүргенде, төбелес басталып, Жеңіс Қадырханның үстіне мініп алды.
“Қарасам, Қадырханды тепкілеп жатыр, содан екеуін ажыраттым. Ал Қадырхан бірден үйге кетті”, – деді ол.
Арадағы төбелесті мектеп оқушысы Еңлік көрген екен. Ол Қадырханнан бөлек, сол жерде кемінде екі адам болған сияқты дейді.
“Сол қорқынышты сәт есімнен кетпейді. Себебі таныс адамдар еді. Алғашында боқтасып, айқайласып жатты да, арты төбелеске ұласты. Қадырхан аға қатты айқайлап қиналды. Сол жерде кемінде тағы 2 адам болды, өйткені “Ей, қой” деген дауыстар шықты”, – деді қыз.