Дизель отынын сатып алу кезінде қазақстандықтардың деректері тексеріледі – Министр
Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанармай құю бекеттерінде дизель отынын сатып алушылардың деректері тексерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, алдағы уақытта дизель отынын тұтынатындардың деректері тіркелетін болады.
"Бұл жанармайдың осы түрін жергілікті жерде тарату кезінде мүмкін болатын айла-амалдарды болдырмайды. Қыркүйектің ортасында біз бұл модульді барлық жанар-жағармай құю станциялары желілері үшін іске қосамыз", – деді Ақшолақов.
Болат Ақшолақов елдегі дизель отынының шекті бағасы 450 теңге болып бекітілгенін атап өтті. Ал қазақстандық көлік құжаттары мен жүргізуші куәлігін ұсыну арқылы дизель отынын аймаққа қарай 230-260 теңгеге алуға болады.
"Жеке автокөліктер үшін мұндай дизель отынын осындай бағамен алу шегі 100 литр, ал жүк көліктері үшін 300 литр", - деп қосты министр.
Талқылау