Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дикий Арман ісі: Жәбірленушілер мен куәгерлер өздеріне қоқан-лоқы көрсетілгенін мәлімдеді

Алматыда Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дикий Арман

Тыңдалым барысында жәбірленушілер, сотталушылар мен адвокаттардың кейбірі, сондай-ақ куәгерлер де сот процессінің жабық режимде өтуін сұрап, өтінішхат жолдады. Олар өздерінің және отбасы мүшелерінің өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін алға тартқан. 

Сонымен қатар судья прокурорларды отырыстан шеттету туралы шағымды қанағаттандырмады. 

Еске салайық, Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды. 

Тыңдалым ашық режимде өткенімен, Арман Жұмагелдиев, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Талғат Мақатов пен Бекзат Үсенов ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан онлайн режимінде қосылды. 

Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасына қатысты 2022 жылдың 7 қаңтарында ұсталған еді. Тергеу мәліметінше Қаңтар оқиғасы кезінде Жұмагелдиевтің бұйрығымен 24 адамды ұрлап, Ritz-Carlton мен "Қазақстан" қонақ үйінің жертөлесінде ұрып-соққан. Салдарынан Ербол Өтепбаев есімді азамат көз жұмған. Бұдан басқа Арман Жұмагелдиевке "Заңсыз қару сақтау", "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айыптар тағылған. 

Ал Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және тәртіпсіздікке" қатысты деген күдікпен ұсталған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Құдайберген Жұмагелдиевпен бірге "Қазақстан" қонақ үйінде жиын өткізген. Сондай-ақ Дикий Арманның маңында топтасып, билікке бірыңғай талаптарды жеткізуді ұсынған. 

Талқылау