Депутаттар сабақ үстінде оқушылардың телефон ұстауын шектейтін заңды қабылдады
Бұдан былай оқушыларға сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ашық дереккөз
Заң жобасын таныстырған Асхат Аймағамбетов сабақ үстінде телефон пайдалану енді заңмен шектелетінін айтты.
“Ата-аналардан көп түсетін шағымның бірі – оқушылырдың бағалары мен үй тапсырмаларына тегін қол жеткізу мәселесі. Бұл тақырыпта бірнеше депутаттық сауалдар жарияланған еді. Осыған байланысты заң жобасында оқушылардың бағалары мен үй тапсырмалары түралы ақпаратты ата-аналарға тегін беру туралы нақты міндеттер белгіленіп отыр. Ұстаздармен болған кездеулерде түскен тағы бір мәселе – оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануы және оны тыю бойынша заңнамада нақты шектеулердің болмауы. Сондықтан сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да жобаға енгізілді”, – деді әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Аймағамбетов.
Депутат Ардақ Назаров мектепте оқушыларға телефон қолдануға мүлде тыйым салынса деген ұсынысын жеткізді. Алайда Аймағамбетов бұл шектеу тек сабақ кезінде қолданылатынын айтты.
“Біздің заңда ұсынып отырған нормамыз – тек сабақ кезінде шектеу туралы. Мектепке телефонды алып келіп, үзілісте оны қолдануға шектеу жоқ. Оқушылар үзілісте ұялы телефонды қолданамын десе, қолданады. Тек сабақ үстінде қолданбауы керек. Сабақ кезінде бала тек сабағын оқуы керек. Tık Tok пен Instagram-да отырып, басқа дүниелермен айналысуға нақты шектеу қойылып отыр. Ал шектеудің ішінде егер мұғалім сабақ жоспары бойынша "телефонды рұқсат етсе" дегенді енгіздік. Неге? Себебі қазір заманауи мұғалімдер бар. Олар сабақта инновациялық технологияны қолдану үшін смартфонды пайдаланғылары келсе, онда шектеу жоқ”,- деп толықтырды депутат.
Айта кетейік, аталған заң бойынша мектеп пен аурухана салынбаған аудандарда көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызуға тыйым салынады.
Сондай-ақ, мемлекеттік мектеп пен колледждер жеке меншікке бермеу туралы нормада заңда қаралған.