Депутаттар кәсіпкерлерді тексеруге мораторийді тағы да ұзартуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Асқар Садықов кәсіпкерлерді тексеруге мараторийді 2024 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Мәжілісмен сонымен қатар орта бизнесті де мораторийге қосып, оларды біраз уақытқа дейін тексеруден босатуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрге "Ақ жол" фракциясының атынан депутаттық сауал жолдаған Садықов президенттің 2019 жылы шағын және микробизнес субъектілеріне тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізгенін еске салды. Депутаттың айтуынша, бұл шешім коронавирустық пандемия кезінде кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау болған.
“Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2019 жылы шағын және микробизнес 128 мыңнан аса рет тексеріліп, 2020 жылы олардың саны 5 есе қысқарды. Осылайша, мораторий енгізу мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көрсетілген тиімді шаралардың бірі болды", - деді депутат Асқар Садықов.
Депутаттың айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің небәрі 0,2%-ын құрайтын орта кәсіпкерлік осы саладағы өндірістің 20%-ын қамтып отыр.
“Мемлекеттік қолдау шараларының барлығы, тіпті мораторий де шағын және микробизнеске бағытталған. Алайда орта бизнесті қолдауға қатысты ештеңе жоқ. Сондықтан табысы мол шағын кәсіпорындар орта бизнеске өткісі де келмейді”, - деді депутат.
Депутат кәсіпкерлерді тексеруге мораторий мерзімін 2024 жылдың соңына дейін ұзартуды ұсынып, бұл тізімге орта кәсіпкерлікті де қосуды сұрады.