Депутат Зайытов жынысын ауыстырғандар мен қызын зорлаған әкелерді телеарналардан көрсетпеуін талап етті
Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке, жынысын өзгерткен адамдар жайлы бағдарламалар телеарналардан ашық көрсетіледі. Осылай деген мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қоғам наразылығын тудырған бағдарламаларға мониторинг жасап, шектеу қоюды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Мәжілістің жалпы отырысында "Масс-медиа туралы" заң жобасын таныстырған мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутат Зайытов бірқатар ұсыныс айтып, сауал жолдады.
“Мен жұмыс тобында болдым. Біздің ұсыныс әу баста масс-медиа дауласа келе 70-те 30 пайызға тоқтадық. Ол - қабылданған позиция болатын. 60-та 40 пайыз дегеніміз ұят болады. Өйткені Қазақстанда қазақша сөйлей алатын қауым ресми статистика бойынша 82 пайыздан асады. Халық барда, мемлекет барда БАҚ өлмейді. Жекеменшік БАҚ демекші, қазір қоғам наразылығын тудырған бағдарламалар көп. "Қосылайық" пен "Қалаулымды" айтпағанның өзінде басқалары да бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Анау-мынау бағдарламалардан танылып алған жастар онлайн ойын платформаларын жарнамалайды. Дәлел бар оған. Оның сыртында неше түрлі ток-шоулар бар”, - деді депутат.
Зайытов министрге өзінің қызын зорлаған әке туралы бағдарламаны не себепті көруіміз керек деп сұрақ қойды.
“Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны неге телеарнадан көруіміз керек?! Жынысын ауыстырған адамдарды неге көруіміз керек телеарналардан?! Осындай бір ұсыныс бердік, мониторинг жасайық, тоқтатайық деп. Қоғамдық бірлестіктер бар басқасы бар "мына заңда былай, мында былай" деді. Осы орайда сұрағым, осы заң аясында осыларға мониторинг жасап, тоқтата алатын тетік бар ма? Не болмаса, екінші оқылымда қарай аламыз ба?”, - деді Ринат Зайытов.
Министр Балаева депутаттың көтерген мәселесі орынды екенін және осындай бағдарламалар қоғамда пікірталас тудырып жатқанын айтты. Бірақ ондай бағдарламаларға қаржы бөлінбейтінін де жеткізді.
“Ана ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде мен сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Десе де, біз мемлекеттік орган ретінде ондай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Мен оған кепілдік беремін, ақша төленбейді. Ондай бағдарламаларды БАҚ өздерінің қаржысына түсіріп отыр. Десе де ол мәселе қоғам болашағына септігін тигізетін болғаннан кейін бұл мәселені мен екінші оқылымда қарауға дайынмын. Екіншіден, сол БАҚ жетекшілерін шақырып, осы мәселеге қатысты талқылау жасауға дайынмын. Себебі оның тұжырымдамасы бар. Бір жылдық, екі жылдық дүние емес, қанша жыл айтып жүрміз. Өкінішке қарай, сондай бағдарламаларды тапжылмай қарап отыратын адамдар бар. Сондықтан осыны дұрыстап қарайық. Мен онымен келісемін”, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін депутаттар "Масс-медиа туралы" заңды бірінші оқылымда мақұлдағанын жазған едік.