Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдемнің шұғыл емес шақыртуларға не себепті бармайтынын түсіндірді

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем ережелеріне түзетулер жобасын дайындаған еді. Онда енді жедел жәрдем шұғыл емес шақыртуларға түнде бармайтыны айтылған. Министрлік жаңа жобаны түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгеріс "үйде қызмет көрсету тоқтайды” дегенді білдірмейді. 

"Азаматтардың жедел жәрдемнің келуінің кешігуі туралы сауалына жауап ретінде, министрлік талдау жүргізіп, жағдайды жақсарту үшін шешімдер ұсынды. Талдау нәтижелері шақыртулардың 50 пайыздан астамы жеделдіктің төртінші санатына жататынын көрсетті. Бұл емханаларды қоса алғанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының бақылауындағы созылмалы аурулары бар пациенттерге қызмет көрсетуді білдіреді”, – делінген хабарламада.

Министрлік талдау нәтижесін ескере отырып, еліміздің жедел жәрдем қызметіне өзгерістер енгізгенін айтты. 

“Осыған байланысты, министрлік Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандартына және Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын әзірледі. Өзгерістер кейбір БАҚ дұрыс жеткізбегендей, үйде қызмет көрсетуді тоқтатуды білдірмейді. Керісінше медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған", – делінген министрлік хабарламасында. 

Сондай-ақ министрлік дәрігерді үйге шақыртуларды тіркеуге және үйдегі стационарларды ұйымдастыруға қатысты тармақтар құжаттың құрылымын жақсарту үшін жобаның басқа бөліміне ауыстырылғанын мәлімдеді. Дегенмен олар өз күшінде қалады дейді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің медицина қызметкерлері алдыңғы стандарттың шеңберінде үйде көмек көрсетуді жалғастырады.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем ережелеріне түзетулер жобасын дайындағаны туралы жазған едік. Мұнда енді Қазақстанда шұғыл көмек қажет болса да, кешке немесе түн ортасында шақырған науқастарға жедел жәрдемнің бармайтыны көрсетілген. 

Талқылау