"Денесінде жарасы болды, бірақ қанамады": 6 жасар Лиза Пылаеваның өлімі бойынша сот отырысында аурухана дәрігері сөйледі
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2019 жылы мерт болған 6 жасар Лиза Пылаеваның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта екі куәгер сөйледі. Оқиға болғанда екі дәрігер де Лизаның өлімін растаған №12 ауруханада жұмыс істеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Дәрігер Ерболат Ботаев қыздың денесін тексермеген және реанимациялық шараларға қатыспаған. Бірақ ол сол түні кезекшілікте болған.
"Мен сол күні кезекшілікте болдым. Кішкентай қызды әкелді деген шу естідік. Науқасты қабылдаған жоқпын. Жансақтау бөліміне қарай барсам, дәрігерлер көп екен. Олар реанимациялық шаралар жүргізіліп жатты. Травматолог, реаниматолог және хирургтер болды. Қыздың жағдайы қандай болғанын айта алмаймын, себебі кірген жоқпын. Қызды үйден әкелгенін, оған үйдің ауласындағы мүсін құлағанын естідім Мұны дәлізде тұрған әріптестерім айтты. Әдетте бізге балаларды қателесіп алып келетін, сосын біз оларды басқа ауруханаға жіберетінбіз. Менің білуімше, баланы біздің ауруханаға туыстары әкелді. Жағдайы ауыр болғандықтан оны реанимациялады", – деді Ерболат Ботаев.
Ал куәгер Асылбек Серікбаев сол түн туралы толығырақ айтып берді. Айтуынша, 12 мамыр күні кешке аурухананың бас дәрігері телефон соғып, ауруханаға кішкентай қызды жеткізетінін айтқан.
"Мені реанимацияға шақырды. Барсам, онда кішкентай қыз жатты, денесінде жаралары бар еді. Бірақ қан көрмедім, жарасы таза тұрды. Оған қоса денесінің көгерген жерлері болды. Мен келгенде ол аппаратқа қосылып тұрды. 40 минут реанимациялық шаралардан кейін оның өлімін растадық. Іші мен жамбасында жаралар болды, бірақ олардан қан кетпеді. Реанимациялық шаралар еш нәтиже бермеді. Полиция хабарладық, кейінірек қыздың денесін экспертизаға алып кетті. Қыздың атасы мен ағасы маған мүсіннің құлағанын, оның қашан құлағанын, қыздың қанша уақыт жатқанын білмейтінін айтты. Бұған дейін бас дәрігер маған телефон соғып, науқас әкелетінін айтқан. Бізде ондай жиі болады: туыстары басшылыққа хабарласып, бізге науқастарды әкеледі", – дейді Асылбек Серікбаев.
Дәрігердің айтуынша, ол өзі реанимациялық шараларды жасамаған. Балалар реаниматологын шақырып, әкімшілік жұмыстарды жүргізген.
Қыздың әкесі Александр Пылаев сотта бақылау камерасындағы бейнежазбада куәгер Серікбаевтың жансақтау бөлмесіне қағазсыз кіріп, қолына парақ алып, қалай шыққаны көрсетілгенін айтты. Пылаев ол қандай қағаздар екенін сұрады. Себебі дәл сол құжаттарға куәгер Рыжаков пен Шмаковтың көзінше жазбалар енгізілген-мыс.
Куәгер анамнез туралы жаздым деп жауап берді, бірақ нақтысы есінде жоқ.
Ал жәбірленуші Алла Пылаева да куәгерге сұрақ қойып, бас дәрігер Серікбаевты сағат нешеде шақырғанын нақтылады. Дәрігер ол кезде Рамазан айы болғандықтан кешкі үзіліс алдында хабарласқанын айтты. Куәгер сол кезде ораза ұстаған. Лизаның әжесі бас дәрігер куәгерді Лизаны ауруханаға апармай тұрып, бір сағат бұрын шақырған шығар деп топшылады. Ал Асылбек Серікбаев нақты уақыты есінде жоқ екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында Лизаның әжесі Алла Пылаева өзіне және ұлына таныстары арқылы ақша ұсынғандар болғанын мәлімдеді.
Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-тармағының 14-бөлігі ("Кісі өлтіру"), 420-бабының 2-бөлігі ("Көрінеу жалған айғақтар, сарапшының, маманның қорытындысы немесе дұрыс аудармауы"), 432-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша қаралып жатыр.
- Ольга Шмакова ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы ("Адам өлтіру") бойынша айыпталып отыр.
- Леонарда Рыжаковаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабының 2-бөлігі ("Көрінеу жалған айғақ беру, сарапшының, маманның қорытындысы немесе дұрыс аудармау") бойынша іс қозғалды.
- Ал Ухтаб Махмудовға ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы және 420-бабының 2-бөлігі ("Қылмысты жасыру") бойынша айып тағылды.
Еске салайық, Лиза Пылаева 2019 жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Оның өліміне қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр.