Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Чемпионымыздың беделіне нұқсан келтірмеу керек": Серік Сәпиевпен төбелес шығарған спортшылар ел алдында кешірім сұрады (видео)

Желіде Алматыда өткен "Naiza 49" турнирінде ММА белді балуаны Артем Резников Sever-Yug командасының балуаны Зелімхан Мусиханов пен оның жаттықтырушысы Александр Гольцманның Серік Сәпиевпен болған төбелеске байланысты кешірім сұраған видеосы тарады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жанжал Batyrball күрес пен баскетбол аралас ойыны кезінде орын алған. Балуандардың бірі Сәпиевті жерге қатты лақтырып жіберген. Бокстан Олимпиада чемпионына бұл ұнамай, қарсыласына шағым түсірген. Кейін мұның арты төбелеске айналып, жанжал киім ауыстыратын бөлмеде жалғасқан.

Осы оқиғадан соң спортшылар Серік Сәпиевтен кешірім сұрады.

"Құрметті қазақстандықтар, жасаған әрекетім үшін кешірім сұраймын. Мен ереже бұзып, қателесіппін. Содан ойында эмоциямды тыя алмадым. Серік Сәпиев – халқымыздың мақтанышы, жасаған асығыс әрекетім үшін кешірім сұраймын. Енді мұндай әрекет қайталанбайды", – деді Мусиханов.

Хольцман да өз кезегінде Мусихановтың сөзін жалғады.

"Құрметті қазақстандықтар, кеше менің шәкіртім асығыс әрекет жасады. Мен де эмоцияға беріліп, артық сөздер айтыппын. Қателесіппіз сондықтан оқушым екеуміз жасаған барлық әрекеттеріміз үшін кешірім сұраймын. Мен Серік ағаны спорт, қоғам қайраткері ретінде құрметтеймін. Біз батырымызға, Олимпиада чемпионына жоғарыдан қараппыз. Бұл іс-әрекеттеріміз чемпионымыздың беделіне нұқсан келтірмеуі керек. Болған жағдайдың барлығы үшін бізді кешіріңіз", – деді Хольцман.

Талқылау