Бұрынғы президенттердің жеке өмірі туралы ақпарат мемлекеттік құпияға жатқызылады: Тоқаев заңға қол қойды
Тоқаев бұрынғы президенттердің жеке өмірі туралы ақпаратты мемлекеттік құпияға жатқызатын заңдағы түзетулерге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Reuters
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Түзетулердің бірінші блогы мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы, жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйлықақы, инвестициялық табыс қарастырылған, сондай-ақ бес жастан асқан балаларды қамтитын "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мақсатында әзірленген.
Тоқаев балаларға арналған "Келешек" жаңа жинақтау жүйесіне қатысты заңға қол қойды
Түзетулердің екінші блогы креативті индустрияны қолдау, соның ішінде әр облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру тұрғысынан көмектесу шараларын қамтиды.
Бұған дейін бұл түзетулер бұрынғы президенттердің денсаулығы мен жеке өміріне қатысты мәліметтерді де мемлекеттік құпияға жатқызатыны белгілі болған.
Яғни "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңда барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызмет саласындағы мемлекеттік құпияларға жатқызудан басқа, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ұйымы, күштері, құралдары мен әдістері туралы мәліметтерді келтіреді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы президентiнiң және оның отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасы президентiнiң денсаулығы мен жеке өмiрi туралы, сонымен қатар Қазақстан Республикасының бұрынғы президенттерi және олардың отбасы мүшелерi туралы осыған ұқсас мәлiметтер қоса берiледi.